Жағаға шығып қалған кит өлгелі жатыр

Жағаға шығып қалған кит өлгелі жатыр

Кеше, яғни, 26 желтоқсан күні Нью-Йорк қаласының маңындағы жағажайға 18 метрлік алып финвал-кит шықты. Китті жақын маңда серуендеп жүрген жүргіншілер байқан қалған. Оқиға орнына жетіп келген құтқару қызметі жануардың тірі екендігін анықтаған.

Мамандардың айтуынша, кит қатты арықтап қалған, сонымен қатар, денесіндегі көптеген тілімдер мен жарақаттардың себебінен қатты қиналып жатыр. Осы орайда биолог мамандар су тұрғынының мұндай жағдайда тірі қалуы екіталай екендігін айтты. Жануардың неліктен жағаға ұмтылғандығы белгісіз.

ап

Нью-Йорк, 26 желтоқсан

Осы орайда, АҚШ-тың мұхит және атмосфералық зерттеулер ұлттық орталығының (NOAA) мамандары жануардың жағдайы кешке дейін жақсармаса (Алматы уақытымен 28 желтоқсанның таңертеңгі мезгіліне дейін) оны қолдан өлтіруге тура келетіндігін айтып отыр. Бұл қадам "ауыртпашылықтың азабын тартып жатқан жануарға мейірім" тұрғысынан жасалады.

ап

Финвал-кит

Киттің қандай жолмен өлтірілетіндігі айтылған жоқ. Халықаралық кит аулау комиссиясының (International Whaling Commission, IWC) айтуынша, жануарды атып өлтіру тиімсіз. IWC сондықтан китті жарылғыш заттар арқылы өлтіруді ұсынды. Айта кетелік, 2010 жылдың қыркүйек айында осы ұйымның ұсынуымен Австралия жағалауына шығып қалған кит жарылғыш заттар арқылы өлтірілген болатын.

Құтқарушылар. Нью-Йорк, 26 желтоқсан.

Финвал - үлкендігі жөнінен жер бетіндегі жануарлардың ішінде көк киттен кейінгі екінші орында тұрған су тұрғыны. Финвал-киттер қазіргі кезде жер бетінен жойылып бара жатыр. Айта кетелік, бұл кит ең төменгі тембрдегі дауыс шығаратын жануарлардың қатарына кіреді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: arnapress.kz, earth-chronicles.ru