Сабаққа қалай дайындалу керек?

Сабаққа қалай дайындалу керек?
Фото: massaget.kz

Қыркүйек айымен бірге сабақ та басталды. Әр сабақта жаңа тақырып өтесіз. Жаңа тақырыпты уақытында игеріп алмасаңыз, кейін тест немесе емтихан кезінде қиналасыз. Сондықтан уақытыңызды тиімді пайдалануды қолға алған жөн. Оқуға жұмсайтын уақытыңыздың әр минутынан пайда алуға көмектесетін кеңестер ұсынамыз.

Мақсат қойыңыз
Қандай нәтижеге жеткіңіз келеді? Барлығын игеріп алғаныңызды қалай білесіз? Осы сұрақтарға жауап бере отырып, алдымен мақсат қойып алуыңыз керек. Мысалы: сіздің мақсатыңыз – кітаптағы бірнеше тақырыпты игеріп алу. Ендеше, сол тақырыптардан сізге қандай сұрақ қойса да, сіз соған жауап бере алатындай болуыңыз керек. Сол кезде мақсатыңызға жеткеніңізді түсінесіз.

Егер нақты мақсатыңыз болмаса, тақырыптарды бөліп, біреуге сол тақырыптар бойынша түсінгеніңізді айтып беріңіз немесе оны қағазға жазып, ішіндегі маңызды идеяларды бөліп алып, астын сызып қойыңыз.

45 минутқа таймер қойыңыз
Мектепте сабақ 45 минутқа созылады. Бұл уақыт кездейсоқ таңдалмаған. 45 минут өткен соң адамның зейін қою қабілеті төмендей бастайды. Сондықтан үйде де дайындыққа 45-50 минут жұмсап, 10-15 минут үзіліс жасау керек. Бірақ үзіліс аяқталған бойда бірден дайындыққа кірісіп кетіңіз.

Ұялы телефонды өшіріңіз
Сабаққа дайындалып жатқанда ұялы телефоныңызды өшіріп тастаңыз. Әйтпесе, хатқа жауап бергіңіз келеді немесе инстаграмға кіргіңіз келеді. Смартфонның экраны жанған сайын сабақтан алаңдайсыз. Дайындыққа арнаған уақытыңызды бағалаңыз. Бұл сәтте ол басқалардан маңызды болуы керек. Сол кезде ғана дайындықтың пайдасы болады.

Есікке "Мазаламаңыз" деп жазылған қағаз жабыстырып қойыңыз.
Егер адам көп үйде немесе жатақханада тұрсаңыз, үйде жалғыз қалып дайындалуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан бір бөлмеге дайындалып, есікке "Мазаламаңыз" деп жазылған қағаз іліп қойыңыз. Сізден біреу бірдеңе сұрарда жазуды көріп, ойланады.

Шырыл (белый шум) қосымшасын қосып қойыңыз
Егер сізді алаңдату оңай болса, бірқалыпты шырыл (әдетте теледидар жасамай қалған кезде шығатын дыбыс) тыңдауға болатын қосымшаға немесе арнайы сайттарға кіріңіз. Оның басқа дыбыстарды басатын қасиеті бар. 

Сабаққа үстел алдында отырып дайындалыңыз
Барлық қажетті заттарды үстелдің үстіне қойып алыңыз. Ноутбуктен қажетті ақпаратты ашып қойыңыз. Кітаптарды ашыңыз. Маркер, қарындаш және өшіргішті дайындаңыз. Оқуға да, жазуға да орындықта отырған ыңғайлы.

Тақырыпты түрлі әдіспен есте сақтаңыз
Қандай да бір тақырыпты тек жаттап алмай, жақсылап түсініп алу үшін миыңызды жан-жақты пайдалану керек. Мысалы, қандай да бір тақырыпты іштей оқып, содан соң дыбыстап өзіңізге айтып беріңіз. Сонымен қатар, сабаққа креативті түрде қарап, тапсырманы суреттер мен сызбалар арқылы жазып түсінуге тырысыңыз. Күндерді немесе тізімдерді есте сақтау үшін өлеңдеп айтып көріңіз. Түрлі әдістерді қолданыңыз немесе өзіңіз жаңа әдіс ойлап табыңыз.

Өзіңізді тексергенде физикалық жаттығулар жасаңыз
Ақпаратты меңгеріп алған соң орныңыздан тұрып, қозғалыңыз. Мысалы, өзіңізге сұрақ қойған сайын теннис добын алып, жерге ұрыңыз. Сізге біреу сұрақ қойғанда бөлмеде жүріп жауап беріңіз. Спорт физиологиясы бойынша ғылымның кандидаты Джек Гроппел мұны былай түсіндіреді: "Қаншалықты көбірек қозғалсаңыз, миыңызға соншалықты көбірек оттек пен қан барады. Сондықтан проблемаларды жақсырақ шешесіз".

Маңызды фактілер мен негізгі идеяларды бөліп жазыңыз
Бір тақырыпты меңгеріп біткен соң таза параққа есте сақтап қалуыңыз қажет 10-20 негізгі идеяны жазып қойыңыз. Барлығын өз сөзіңізбен жазып, содан соң жазғаныңыздың дұрыстығын тексеріңіз. Осылай жазу арқылы қайталау алған біліміңізді қорытындылауға көмектеседі.

А. Жапатова