Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: өндіріс тақырыбы

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: өндіріс тақырыбы

Қазақ әдебиетінің тарихында ең бір шоқтығы биік, белесі мол кезең - кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Осы кеңес дәуірі әдебиетін дәуірлеу мен сол дәуір әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармалары туралы еңбектер аз емес. Кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы қайта жазылып жатқан қазіргі заманда осы уақытқа дейін өз мәнін жоймаған еңбектерді саралап, ой елегінен өткізудің үлкен пайдасы бар. Кеңес дәуірі кезіндегі қазақ әдебиетінің дамуы мен ерекшеліктері туралы тақырыптар қазақ әдебиетіндегі маңызды беттер болып табылады. 

Сол дәуірдің ең бір өзекті тақырыбы - өндіріс тақырыбы. Осы тақырыпта қалам тербеген жазушыларымыз да жеткілікті. Солардың туындыларына тоқтала кетсек. Мысалы, Шерхан Мұртазаның эпикалық жанрда көлемді жазылған алғашқы туындысы  - «Қара маржан». Бұл романға бүгінгі заман шындығы, өндіріс тақырыбы, сол өндірісте еңбек етіп жүрген жұмысшылар тағдыры арқау болған.

Шығарманың басты кейіпкері – Нариман. Оқиға осы кейіпкердің айналасында өрбіген. Жазушы кейіпкерінің балалық шағына монолог және авторлық баяндау арқылы шегініс жасай отырып, тартыстың екінші басындағы кейіпкер Жарас екеуінің арасындағы достықтың бұзылу себептерін көрсетеді. Романның көркемдік ерекшелігі аңыз әңгімелерді, ертегілерді шығарма оқиғасының қиюын келтіріп, сәтті пайдаланудан көрінген. Ескі тарихқа тіл бітіріп, аңыздарды қастерлеуге тәрбиелеудегі бұл көркемдік ізденіс жазушы прозасындағы үлкен табыстырының бірі болған.

Ғабиден Мұстафин өзінің шығармашылық ұзақ жолында өндіріс тақырыбы мен ауыл шаруашылығы тақырыбын қатар қамтып, екі салада да өнімді еңбек еткен жазушы. Кезінде оқып, білім ала алмағанына қарамастан, өзінің тынымсыз ізденісі арқасында, орыс, қазақ жазушыларынан үйрену арқылы шеберлігін шыңдап, өзі айтқандай, «өмірдің алдын орауды» мақсат етеді. Соның нәтижесінде оның қаламынан туған шығармалар қазақ әдебиетіндегі сол тақырыпқа жазылған бірініші шығарма болып келеді. Оның өндіріс тақырыбына жазылған «Өмір не өлім», «Қарағанды» романдары да, ауылшаруашылығы тақырыбына жазылған «Шығанақ, «Миллионер» романдары да тап осындай шығармалар болатын.

1940 жылы Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған “Өмір не өлім” атты тұңғыш романы жарияланды. Бұл кітап үлкен шығармашылық жолдың бастауын белгілеген еңбек еді. Қаламгер алғашқы романынан-ақ қазақ топырағындағы өндіріс тақырыбын қозғады, шығармада бұрын жабылып қалған өндірістің Кеңестік кезеңде қайта ашылуы суреттелді. Автор осы жолдағы күресті кейіпкерлер әрекеті арқылы біраз шиеленістіріп, жұмысшы табының бейнесін жасады. Бірақ тартыстың жасандылығы роман кейіпкерлері бейнелерінің әлсіз шығуына, композициясының босаңдығына әсер етпей қоймады. Кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, Ғабиден Мұстафин дәуір шындығы мен өндіріс адамдарын суреттеуде едәуір табыстарға жетті. Соғыс жылдарында “Құлаған құз”, “Алынған кек”, “Басқа пәле тілден”, “Айғақ”, “Тұтқын”, “Күлмеген адам”, “Керуен” секілді шағын туындылары өмірге келді.

Соғыстан кейін ол кең көлемді прозада қалам тартып, тары дақылынан мол өнім алуда дүниежүзіне танымал болған Шығанақ Берсиев өмірінен “Шығанақ” повесін жазды (1945). Соғыс жылдарында еңсесі түскен елге ерен еңбегі арқылы көмек көрсетіп, демеу болған ақтөбелік диқан Шығанақтан да басқа мұнда еңбек адамдарының кесек тұлғалары көрініс тапқан. Шығармада қажырлы еңбектің нәтижелі жемісі сөз етіледі. Ауыр арпалыс нәтижесінде жеткен жаңа өмірдің күрделі де қиын жолын үлкен суреткерлікпен жазады. Бұл өз кезеңінде ұрпақты еңбек сүйгіштікке, табандылыққа, адалдыққа жетелейтін, тәрбиелік мәні жоғары шығарма болды.

Міне, кеңес дәуірі кезіндегі қазақ әдебиеті осындай. Сол кездегі өзекті тақырыптардың бірі болған - өндіріс тақырыбы осылайша жазылған болатын. Қазақ әдебиетінің дамуына мол үлес қосқан есіл ерлеріміздің ерен еңбектері ешқашан ұмытылмай, мәңгілік ел есінде қалатынына еш күмән келтірмейміз.

Сурет: kazntu.kz

 

 

 

Ж. Исакаев