Мағжан Жұмабаевтың образ сомдау шеберлігі

Мағжан Жұмабаевтың образ сомдау шеберлігі

Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясына жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Көркем сөзбен көрікті өлеңдерді әдебиетіміздің әлеміне сыйлаған ерек жан. Ал образ сомдау шеберлігі бір бөлек дүние.

Мағжанның өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның бір айқын айғағы.

... Түркістан — екі дүние есігі ғой,

Түркістан — ер түріктің бесігі ғой, –

деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? —

деп, Мағжан қазақты да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.

"Тұран", "Түркістан" деген образды бейнелер арқылы Мағжан осылайша Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Оның бүкіл өткен жолына шолу жасай отырып, тарихтың небір ерлікке толы, бейбіт өмір жайлаған беттерін парақтайды.

Ақынның образ сомдау шеберлігінің жоғары екенін «Батыр Баян» поэмасынан-ақ байқауға болады. «Батыр Баян» - ақын шығармаларының ішіндегі ең әсерлі, ақынның ғажайып суреткерлік талантын мейлінше танытқан поэма. Ақын поэма жазудағы мақсатын былай түсіндіреді:

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
... Ертегі уатпай ма баланы да.
Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да.

Иә, сөз құдіретін түсінген адамға ақын монологының айтары мол. Бұл жолдардан заман бейнесі де, ақынның ауыр күрсінісі де, сөз құдіретін бағалау да көрініс тапқан.

Бұл поэма - өршіл рухта жазылған психологиялық поэма. Баянның батырлығы, оның махаббаты, адамгершілігі, ашуы қызғанышы, ыза-күйігі, өкініші, қалмақтан кек алуы, ажалы, бар образы ақынның алмас тілімен жарқырай ашылған.

Мағжан ойды бейнелеп айтатын генетикалық көне дәстүрді, поэзиясында ойларын образды бейнелеу үшін пайдаланған. Сөйтіп оқырманның сезімін басып, көңіл-күйіне ықпал етіп, ойын толқытқан. Бұл арқылы Мағжан поэзиясына Еуропа мен орыс әдебиетінің әсері болмаған екен деген ой тумаса керек, керісінше ол Еуропа мен орыс әдебиетінің үздік тұстарымен кеңінен танысқан, нәрімен сусындаған адам. Оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен көрінген символистік тәсілі Сарыарқаның ызғарлы көктемінің арасынан басын көтерген бәйшешектей болды. Себебі, осы кезеңде 1906 және 1914 жылдарды қамтыған орыс революциясының ызғары қазақ даласына да сезіліп, өз өктемдігін жүргізе бастаған. Сол кездегі қоғамдық қысым оның символистік шеберлігін шыңдап, бейнешіл ақын болып қалыптасуына септігін тигізді. Ендеше, Мағжан - Батыс әдебиетінде ХІХ ғасырда, орыс әдебиетінде ХХ ғасырдың басынан гүлдене бастаған символизмді, қазақ әдебиетінің топырағында түрлендірген ақын. 

Мағжанның символистік тәсілі екі арнада қалыптасты. Алғашқысы, этногенетикалық тегімізбен байланысты. Себебі, Мағжанның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ояну дәуірімен тұстас келгендіктен, ұлтының көне тарихын тірілту арқылы ұлттық санасына қозғау салуға ұмтылды. Екіншісі, Еуропа және орыс әдебиетінің озық тәсілдерін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін жанрлық және көркемдік жағынан байытты. Этногенетикалық тарихымызға назар аударсақ, қазақ символизмінің алғашқы бастауы тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттерден басталған. Ата-бабаларымыз дүниетанымдарын аңдардың, құстардың образында бейнелеп отырған. Бұл сол кездегі ата-бабаларымыздың ойларын суреттермен образдап айта білгендігін дәлелдейді. Демек, қазақ даласындағы тау шатқалдарына қашап жазылған суреттер образды ойлау адам жаратылысымен бірге келе жатқандығын айтады. Ал ақынның жаңашылдығы - ұлттың ұмытылып бара жатқан тарихын еске салуда символдық образдарды ерлікке шақыратын құрал ретінде пайдалануы болып табылады.

Толығырақ мына сілтемеден жүктей ала аласыздар.

Сурет: өңделген

Ө. Сансызбай