135 кәсіпкер оңтүстік астананың Өңірлік кеңесі мүшелігіне өтінім берді

135 кәсіпкер оңтүстік астананың Өңірлік кеңесі мүшелігіне өтінім берді

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік Кеңесі мүшелігінің үміткерлеріне онлайн және офлайн арқылы дауыс берілді.

Биылғы жылы Алматыда алғаш рет Өңірлік кеңеске сайлау өтті. Өңірлік кеңестің мүшелігіне кандидаттар жеке кәсіпкерлер, кәсіпкерлік субъектілерінің бірінші басшылары немесе атқарушы органдардың мүшелері, олардың акционерлері немесе қатысушыларының қатарынан ұсынылды.

Өңірлік кеңес – бұл Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бақылаушы органы, ол өңірлік палатаның ағымдағы қызметінде экономиканың жекелеген салалары мен секторлары мүдделерін ескеруді қамтамасыз етеді, кәсіпкерлік мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізеді, Ұлттық палата қызметінің тиімділігін арттыру үшін Съезд қарауына ұсыныстар шығарады, Өңірлік палатаның және филиал жетекішілерінің кандидатурасын мақұлдайды және басқа да қызметтерді атқарады.

Кеңестің негізгі құрамы Палатаның құрылуы кезінде, әр саладан беделді кәсіпкерлер шақырылған кезден бастап қалыптасты. Осыдан кейін кеңес құрамы біршама өзгерді – бірі қызметін жалғастыруда, тағы басқалары салалық қауымдастықтардың "бастауыштары" арқылы бос орындарға келді. Бірақ бизнес өкілдері Кеңес қызметіне өзгеріс қажет деп шешіп, мүшелікке өтуге кім лайықты екенін білу үшін, онлайн және офлайн арқылы дауыс беру сайлауын өткізді.

"Өңірлік кеңестің 30 орны үшін 135 алматылық мүшелікке өтінім берді, олардың әрқайсысы өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынып, алдағы Кеңес жұмысын қалай көретінін және бизнестің қандай проблемаларын шешу қажет екенін айтты", – деп атап өтті Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратов.

Сайлау қорытындысы желтоқсан айында шығарылады және Өңірлік кеңестің жаңа құрамы БАҚ көздерінде жарияланатын болады.

Айта кету керек, осы жылдың 28 тамызында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері ортақ уағдаластық негізінде өзін-өзі тарату бойынша шешім қабылдап, өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттар сайлауын өткізуді ұсынды.

Алматы қаласы өңірлік кеңесінің шешімін, сондай-ақ Алматыда басқа қалалармен салыстырғанда отандық компаниялар саны басым (барлығы 186 000 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді) екенін ескере отырып, ҰКП өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттарды сайлауды пилоттық режимде Алматы қаласында өткізу бойынша шешімді  қабылдаған болатын. Содан кейін ҰКП Төралқасы шешімі бойынша алматылық тәжірибе республиканың өзге өңірлеріне таралатын болады.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің белсенді жұмысының арқасында кәсіпкерлердің құқықтары көп мәрте қорғалды, нормативті-құқықтық актілерге отандық бизнес дамуына оң әсер еткен өзгерістер енгізілді:

1. Алматы қаласы ӨКП Өңірлік кеңесі мүшелерінің қатысуымен Жарнама туралы Заңға өзгерістер енгізілді, нәтижесінде 2019 жылдың сәуір айынан бастап жарнама объектілерін анықтауда профилактикалық бақылау механизмі енгізілді.

2. Алматыда боулинг, картинг, бильярд және т.б. қызмет түрлеріне белгіленген салық мөлшерлемесі орта есеппен 30%-ға төмендетілді.

3. Жұмыс беруші тарапынан қосымша 5% зейнетақылық жарналарды енгізу мерзімін шегеру бастамасы көтеріліп, оны ҚР Президенті қолдады.

4. Кәсіпкерлердің өтінімдері бойынша Д.Қонаев және А.Байтұрсынұлы көшелері бойында велосипедтер жолақтарын жолдың бір шетіне ауыстыру бойынша өзгертулер жасалды.

А. Рысдәулет