Фотобизнестен басталған кәсіп

Фотобизнестен басталған кәсіп

Бүгіндері жеке кәсіп бастау осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, анағұрлым жеңіл. Себебі, бұрындары бизнеспен айналысқысы келетіндер кәсіпті қалай бастаймын,немен айналысамын, кімнен кеңес аламын, бастапқы капиталды қайдан табамын деген сұрақтың жауабын таппай бас қатыратын. Ол кезде екінші деңгейлі банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары еді. Соның салдарынан ашқан кәсібін дамыта алмай дағдарып қалғандар аз болған жоқ.  Ал қазіргі күні кәсіп ашпас бұрын бизнес-тренингтен өтіп, қажетті кеңес алып, пайызы төмен несиеге қол жеткізуге болады. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бергені көп.  

 Аталған бағдарламаның «Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету» атты төртінші бағытында «Бизнес-насихат» жобасы арқылы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге көңіл бөлінген.  Жоба кәсіпкерлікке қатысты заңдарды, бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік іс-шаралар туралы тұрғындарарасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге,  кәсіпкерлікті насихаттауға бағытталған. 

Жалпы, «Бизнестің  жол картасы» бағдарламасының игілігін көргендер көп, солардың бірі – көкшетаулық кәсіпкер  Асқар Сұлтанов. Ол Көкшетау қаласында футбол алаңын салу үшін бизнестің жол картасы бағдарлама шеңберінде «Сбербанк» арқылы 20 миллион теңге несие алды. 

Біз сөз басында осыдан он-он бес жыл бұрын кәсіп бастаудың қиын болғанын текке айтқан жоқпыз. Кейіпкеріміз Асқар Еркінұлы ауыл шаруашылығы саласының инженер-механигі мамандығын алғанымен, бұл салада ұзақ істеген жоқ. Кәсіпкерлік саланы таңдады. Әу баста фотограф болып бастаған  ол 2009 жылы той агенттігін ашады. Той – қазақтың қазынасы, кәсібі дөңгеленіп жүре берді. Фотобизнестен басталған кәсіп бүгіндері футбол алаңы бизнесіне ұласты. 

– Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде бір жоба бастауды ойлап жүргеніме көп болды. Зерттеп, зерделей келе футбол алаңын ашуды жөн көрдім. Себебі Көкшетау қаласында футбол алаңдары жоқтың қасы, ал футбол ойнағысы келетіндер өте көп. Нәтижесі, міне, футбол алаңын ашып, кәсібімді түрлендіріп жатырмын. Сырт қарағанда, футбол алаңын ашуға көп ақша жұмсалмайтындай көрінеді. Шын мәнінде, бұл жобаға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Сбербанктен» 20 миллион теңге несие алдым, – дейді  кәсіпкер. 

Асқар Еркінұлының өзі футбол десе, ішер асын жерге қоятындар қатарынан.  Отыз жасқа дейінгілерден жастар командасын, қырық жастан асқандардан ардагерлер командасын жасақтаған оның кәсібін спортпен байланыстыруы да тегін емес.  Жаңа футбол алаңы ашылғалы қала тұрғындары арасында футболға қызығушылық артқандар көбейіп келеді. Сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта тағы да екі футбол алаңын ашуды жоспарлап отыр. 

– Футбол алаңын жалға беріп жатырмын. Бұл жоба өзін ақтап жатыр десем, өтірік айтқан болар едім. Айына ары кетсе 600 мың теңге табыс әкеледі. Ал мен ай сайын 1 200 000 теңге несие төлеймін. Әрине, басқа бір табысты жоба таңдауыма да болар еді, бірақ оған қомақты қаржы құю керек. Кез келген кәсіптің, жобаның өз қиындығы бар, бес жыл бойы несиемді қайтарғанша қиналармын, бірақ, сосын футбол алаңы табыс әкеледі деп үміттенемін, – дейді А.Сұлтанов. 

Оның айтуынша, жеңілдетілген несиеге футбол алаңын салуға ғана жұмсалған. Ал футбол алаңын салатын жер телімі мен  алаңның кеңсесіне өз қаржысын құйған. 

– Бір ғана футбол алаңынан толайым табыс  табу мүмкін емес, ол үшін бір емес, бірнеше алаң болуы тиіс.  Сондықтан бес жылдан соң тағы да екі футбол алаңын салуды жоспарлап отырмын.  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы біз секілді кәсіпкерлер үшін тиімді, дегенмен  әлеуметтік жобаларға берілетін несиені өтеу мерзімін ұзартса деген тілегіміз бар. Бес жылда несиені өтеу жеке кәсіпкерлер үшін жеңіл болмайды екен, – дейді. 

«Бизнестің жол бағдарламасы – 2020» бүгінге дейін қабылданған бағдарламалар мен жобалардың арасында сенімді ақтағандар сапында көш бастап тұр. Сол себепті де, былтыр Елбасы бағдарламаны жалғастыруды,    «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жасауды тапсырды. Ендеше жаңа бағдарламада бизнес үшін тиімді тетіктер жетілдіріледі деген үміт бар.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ


А. Рысдәулет