#КвартирникTengri. Нұржан Керменбаевтың онлайн-концерті 427 мың көрілім жинады

#КвартирникTengri. Нұржан Керменбаевтың онлайн-концерті 427 мың көрілім жинады
Фото: tengrinews.kz

Қазақстандық әнші Нұржан Керменбаевтың #КвартирникTengri жобасы аясындағы онлайн-концерті 427 мың көрілім жинады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

#КвартирникTengri жобасын Alash Media Group медиахолдингі мен Pantograph продюсерлік орталығы бірлесе қолға алған еді. Кеше өткен Нұржан Керменбаевтың концертін Tengri TV және Жетінші арна YouTube арналары, Tengrinews.kz  сайтының Вконтакте желісі таратты. KZ Sound компаниясы техникалық көмек көрсетті.

Әнші онлайн-концертінде көрермендері сақтыққа шақырды.

- Барша отбасыға амандық тілеймін. Дендеріңіз сау болсын, ауырмаңыздар. Барлық сақтық шараларын сақтаңыздар, - деді әнші тікелей эфир кезінде.

Көрермендер әншінің ең танымал әндерін және жаңа туындыларын да тыңдады.

Нұржан Керменбаев Сәтпаев қаласында дүниеге келген. 17 жасында Superstar.KZ конкурсында жеңімпаз атанды. Бұл оның шығармашылығына жол ашты. "Арнау" дуэтінде ән шырқады.2012 жылдан бастап жеке ән шырқай бастады.

Айта кетейік, осыған дейін #КвартирникTengri жобасы аясында Urker тобы, Ілияс Аутов, Son Pascal, Luina және т.б. әншілер өнер көрсетті. Келесі онлайн концерт 6 сәуір күні өтеді. Tengrinews.kz  Instagram арнасында Argymak (Уфа) тобы концерт береді. Орта Азиядағы ең ірі жоба The Spirit of Tengri фестиваліне қатысатын этно-рок топтардың бірі.

Н. Үсенова