Алматыда "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдық мерейтойы аталып өтті

Алматыда "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдық мерейтойы аталып өтті
Фото: massaget.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, “Егемен Қазақстан” газетінің редакциясының ұйымдастыруымен “Егемен Қазақстан” газетінің 100 жылдығына арналған “Ұшқыннан басталған Egemen Qasaqstan” мерекелік іс-шарасы өтті.

Игі шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, “Егемен Қазақстан” газетінің ардагерлері, Алматы қаласы әкімдігінің басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер, оқытушылар, студенттер, кітапхана оқырмандары мен кітапханашылар қатысты.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 1919-2019 жылдар аралығындағы “100 жыл-100 газет” атты кеңкөлемді көрме ұйымдастырылып, әр жылдары қызмет еткен редакторлардың шығармалары қойылды.

Алғаш болып сөз алған Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова “Егемен Қазақстан” газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

“Биыл еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстан” газетінің 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай газеттің әр жылдардағы таңдаулы 100 нөмерін назарларыңызға ұсындық. Газеттің алғашқы санынан бастап бүгінгі дейінгі сандарын цифрлы форматқа көшірдік”, - деді Ұлттық кітапхана директоры.

Ал қала әкімі Бақытжан Сағынтаев “Егемен Қазақстанның” мерейтойымен құттықтап газет басшысы Дархан Қыдырәліге сый-сияпат тапсырды.

“Арлақты ағайын, еліміздің оқырмандарына таныс, Республикадағы маңдайалды басылым “Егемен Қазақстан” газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бүгінге дейін газеттің 29696 саны жарық көріпті. Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына алған әрбір оқырман, мұндағы ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыбының маңыздылығына кәміл сенеді. Себебі мемлекеттік мүдде мен журналистік биік талапты тең ұстайтын басылым кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес. Сондықтан да Елбасы тарихи газетке “Еліміздің бас газеті” деген атау берсе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің күнделікті шолу жасайтын газеттерінің арасындағы аға басылым көш басында тұр. Алматыдағы үлкен филиалы қала әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Таяуда ғана басылым бетінен дербес “Алматы” айдарының ашылуы соның жарқын көрінісі. Бүгінгі мерейлі жиында, тарихи газеттің барша ұжымын құттықтаймын”, - деді қала әкімі.




Осыдан соң Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының дамуына үлес қосқан Егемен ардагерлері: Аян Нысаналин, Мамадияр Жақып, Нұрлан Оразалин, Дархан Қыдырәлі т.б ардагер қауымды алғыс хат және медальмен марапаттады.

“Егемен Қазақстан” республикалық қоғамдық газеті еліміздегі ең байырғы және ең танымал басылымдардың бірі. Газеттің бірінші нөмірі 1919 жылы Орынбор қаласында “Ұшқын” (“Искры”) атауымен жарық көрді. Құрамында Халел Есенбаев, Ешмұхаммед Бегалиев, Тамимдар Сафиев, Әмірғали Мәнешов, Бернияз Күлеевтер бар редакциялық алқа сайланды. Олар газеттің алғашқы басшылары болып саналады. Басылымның атауы “Еңбек туы”, “Еңбекшіл қазақ”, “Еңбекші қазақ”, “Социалды Қазақстан”, “Социалистік Қазақстан”, “Егеменді Қазақстан”, “Егемен Қазақстан” деп, бірнеше рет өзгерді.

Газеттің алғашқы санынан бастап онда қазақтың ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етіп өздерінің шығармаларын жариялады. Олардың қатарында: Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты тұлғалар бар. 

Жаңа дәуірде “Егемен Қазақстанды”: Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қаламгерлер басқарды. Қазіргі уақытта газетті Дархан Қыдырәлі басқарады.

Айтулы шарада “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі “Егеменнің” 100 жылдық мерейтойы Алматыда басталған алғашқы іс-шара екендігін, бұл Нұр-Сұлтан қаласында да жалғасатынын айтып өтті.

“Ардақты алматылықтар, қадірлі егемендіктер! Ең әуелі бас басылымымыз қазақ баспасөзінің ұстаханасы “Егемен Қазақстан” газетінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі шараны “Тағзым” деп атадық. Себебі осы уақытқа дейін “Егемен” газетінде қызмет еткен, өмірден өткен ардагерлерге арнап ас бердік. Біз 100 жылдық жылнамамыздың барлығын сканерден өткізіп, цифрлы архивін жасақтадық. Сол жинақты бес томға топтап, кітап етіп әкелдік. Соның тұсаукесер рәсімін өткіземіз”, - деді Дархан Қыдырәлі.



“Егемен Қазақстан” газетінің төрағасы осыдан соң Егемен ардагерлеріне мерейтой медальдарын табыстады. Аталған медальдармен  Сарбас Ақтаев, Нұрлан Оразалин, Мамадияр Жақып, Өмірзақ Айтбайұлы, Оқап Қыдырханов, Аян Нысаналин, Гүлзейнеп Сәдірқызы марапатталды.

Игі шара соңында “Егемен Қазақстан” газетінің ардагерлері: Сарбас Ақтаев, Нұрлан Оразалин, Мамадияр Жақып, Өмірзақ Айтбайұлылар ізгі лебіздерін білдірді. 

“Егемен Қазақстан” газеті Қазақстан Республикасындағы қазақ тілді басылымдардың ішіндегі ең ықпалды, ең танымал басылым болып келеді. Газет елімізде және шетелдерде болып жатқан қоғамдық-саяси, зкономикалық, әлеуметтік, мәдени шараларды қамтиды.

Газеттің республикадағы барлық өңірлерде, сондай-ақ Алматы қаласында өз тілшілер желісі бар. “Егемен Қазақстан” акционерлік қоғамында 100-ден астам қызметкер жұмыс атқарады. Газет еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірін жан-жақты қамтиды және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметі туралы ресми ақпаратты, нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ ішкі және сыртқы саяси мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттарын жариялайды. 

Айта кетейік, Алматы қаласында 1987-1999 жылдар аралығында "Егемен Қазақстан" газетінің редакциясы орналасқан ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылғанын жазған едік.

Т. Раушанұлы