Еске алсам Көктөбені, жаныма от береді...

Еске алсам Көктөбені, жаныма от береді...
Фото: massaget.kz

"Еске алсам Көктөбені, Жаныма от береді. Алғашқы махаббатқа, Куәгер көк тірегі" деп басталатын МузАрт тобының әнін тыңдап өспегендер аз шығар.

Алматының символы – Көктөбе! Ақындар жырға қосқан, талай ғашықтың сырына куә болған – Көктөбе. Алматыға келген турист Көктөбеге бір соқпай кете алмайды. Көктөбеге аспалы жол арқылы (Достық даңғылының бойында орналасқан жөнелту станциясының ұзындығы 1727 метр), арнайы микроавтобуспен немесе денсаулыққа пайдалы десеңіз, жаяу жүріп те шығуға болады. Жоғарыдан мұнартқан қаланы, Күнге таласа қол созған, басын қырау шалған ақбас тауларды көресіз. Әсіресе түнгі жалт-жұлт еткен қала шамдары бойыңызға шабыт пен қуат береді. Алматы сұлулығына арбалып қалар сәт те осы.

Көктөбедегі маңызды орындар

Көктөбе – Іле Алатауының бөктеріндегі көрікті жерде орналасқан төбе. Алматы қаласының оңтүстік-шығысында. Абсолют биіктігі 1070 метр, салыстырмалы биіктігі 370 метрдей. Беткейлері тіктеу келген.

Көктөбедегі The Beatles тобы. ©yvision.kz

Алма пішінінде жасалған "Тілектер" фонтаны, балалар қалашығы, скалодром, "Fast Coaster" аттракционы, кішігірім хайуанаттар бағы, көркем сурет галереясы, кәдесыйлар, шәйхана, "Юрта" мейрамханасы орналасқан. 2007 жылы Көктөбеде Алматылық мүсінші Э. Казарянның "Битлз" рок-тобына арналған ескерткіші ашылды. Ескерткіште – қолына гитара ұстап, орындықта отырған Джон Леннон мен оның аты аңызға айналған әріптестері Пол Маккартни, Джордж Харрисон, Ринго Старрдың мүсіні бейнеленген. Қоладан құйылған "Битлздықтар" – түпнұсқалардың дәлме-дәл көшірмесі, ол атақты ливерпульдік төрттіктің рухы мен көңіл-күйін, стилистикасын көрсетіп тұр.

Көктөбе аттас елді мекендер:

Көктөбе – Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Жамбыл облысы Шу ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Павлодар облысы Май ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Түркістан облысы Жетісай ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Түркістан облысы Созақ ауданындағы ауыл.
Көктөбе – Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауыл.

©vitalik.kz

Көктөбе аттас таулар:

Көктөбе – Ақтөбе облысы Алға ауданы Алға қонысынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 км жерде орналасқан төбе.
Көктөбе – Қарқаралы тау жүйесінің оңтүстік-батыс сілеміндегі тау.
Көктөбе – Тарбағатай жотасының оңтүстік-батысындағы төбе.
Көктөбе – Ұлытау тауларының оңтүстік-шығысындағы төбе.

Алматыда, қала іргесінде тұрып Көктөбенің саф ауасынан, сұлулығынан мақрұм қалып жатамыз. "Жұмыс-жұмыс" деп уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз.  Сіз ше құрметті оқырман, соңғы рет Көктөбеге қашан шықтыңыз?

Т. Раушанұлы