"Карменсита" - әйгілі шығарманың драмалық нұсқасы

"Карменсита" - әйгілі шығарманың драмалық нұсқасы

Жақында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Карменсита» қойылымының тұсауы кесілді. «Кармен» - әлемнің талай сахнасынан мюзикл, балет, опера ретінде талай көрсетілген қойылым. Жастар театрында танымал қойылым драма түрінде алғаш рет көрсетілді.

«Карменсита» - махаббат пен ғашықтық, сұлулық пен ынтызарлық, әсемдік пен іңкәрлік сезімдері жайлы сөз қозғайтын, махаббат жолындағы күрес пен озбырлық туралы сыр айтатын тартыс пен шиеленіске толы шығарма.

Проспер Мерименің «Кармен» шығармасының бас кейіпкері испандық сыған қыз сымбатты көркі мен өрелі мінезімен өзгелерді өзіне баурап алады. Бойындағы жалын мен  күш-қуаты арқылы ол айналасына махаббат нұрын шашады. Жаны да, тәні де сұлу Кармен ару көкірегі тәккапарлыққа толғанменен, шығармада өз ортасын мейірімге толтырған ару болып бейнеленген.

Танымал шығарманы белгілі режиссер, профессор, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, ҚР халық әртісі Талғат Теменов қойды.

Қойылым биін қою үшін Иван Фадеев арнайы Алматыға шақырылған еді. Мәскеу қаласындағы «Жаңа Опера» театрының бас балетмейстері Иван Фадеев ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрының солисті, белгілі биші Құралай Сарқытбаевамен бірге «Карменсита» қойылымының көркін кербез іс-әрекеттермен әрлеуге үлкен үлес қосты.

Көктем мезгілінің алғашқы айында тұсауы кесіліп, бірнеше мәрте қойылып үлгерген «Карменсита» өнерсүйер қауымның көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленуде.

Суреттер: alashainasy.kz, egemen.kz

Ғ. Ұзақ