Уитни Хьюстон өмірден өтті

Уитни Хьюстон өмірден өтті

Associated Press орталығының мәліметі бойынша, 11 ақпан, сенбі күні танымал әнші әрі актриса Уитни Хьюстон (Whitney Houston) 49 жасқа қараған шағында көз жұмды. Әншінің денесі Лос-Анджелес қаласындағы Beverly Hilton қонақүйінің бөлмелерінің бірінде табылған. Танымал әншінің өліміне қатысты тергеу жұмыстары басталды.

Ғұмырының соңғы жылдарында атақты әнші алкогольдік ішімдіктер мен есірткіге құмар болған. Соның салдарынан әншінің дауысы өзгеріске ұшыраған. Тіпті, 2010 жылы өзін жайсыз сезінген әнші дүниежүзі бойынша гастрольдік сапарын орта жолдан үзген болатын. Денсаулығын қалыпқа келтіру мақсатында бірнеше мәрте емделген.

Уитни Хьюстон әлем сахнасының жарық жұлдызы еді. Көзі тірісінде дүниежүзі бойынша әншінің 170 миллионнан астам музыкалық альбомдары мен синглдары сатылған. 2010 жылдың өзінде әнші 415 жүлдеге ие болды. Оның ішінде екі «Эмми» мен алты «Грэмми» сыйлықтары, Billboard журналының 30 жүлдесі мен American Music Award байқауының 22 жүлдесін иеленіп, Гиннестің Рекордтар кітабына енген.


Уитни Элизабет Хьюстон 1963 жылы 9 тамызда Нью-Джерси штатының Ньюарк қаласында дүниеге келген. 1985 жылы оның "Whitney Houston" деген атпен алғашқы альбомы жарыққа шықты.

Әнші 1992 жылы актер Кевин Костнермен бірге «Телохранитель» фильміне түсіп, көпшілікке актриса ретінде танылды. Ал оның орындауындағы "I Will Always Love You" әні Уитнидің төлқұжатына айналған.

2000 жылы Уитни Хьюстон «Ритм-энд-блюз әнші» номинациясы бойынша үздік деп танылып, «Грэмми» сыйлығымен марапатталды.

2001 жылдың тамыз айында әнші Sony BMG компаниясымен келісім-шартқа отырады. Келісім-шарт көлемі 100 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл музыка индустриясының тарихындағы ең ауқымды алғашқы келісім еді.

2010 жылы әнші "I Look to You" альбомы үшін "BET Awards" жүлдесін иеленген. Rolling Stone журналы әншінің есімін ең үздік 100 әншілердің тізіміне енгізген.

АҚШ баспасөз орталығының мәліметі бойынша, Уитни Хьюстон Лос-Анджелеске жексенбі күні өткізілетін «Грэмми 2012» кешіне қатысу үшін келген болатын. Әншінің мезгілсіз қазасына байланысты ұйымдастырушылар кешті ауыстыруы мүмкін.

Форумда талқылау

Суреттер http://www2.tbo.com, http://www.telegraph.co.uk ғаламтор беттерінен алынған


Ғ. Ұзақ