"Үйлесім сабақтары" Берлинде іріктелді

"Үйлесім сабақтары" Берлинде іріктелді

Эмир Байғазиннің "Үйлесім сабақтары" («Уроки гармонии») атты тырнақалды кинотуындысы тұңғыш рет 63-Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынды.

Берлинале 7 ақпанда басталды. Фильм продюсері Анна Качко «Негізгі байқауға қатысатын кез келген фильмді құпияда қалдырады. 14 ақпанда БАҚ өкілдеріне арналған «Уроки Гармонии» фильмінің жабық көрсетілімі және фестивальге алдын ала тіркелген журналистермен баспасөз отырысы өтеді. Күннің екінші жартысында Берлинале орталық сарайында (Berlinale Palast) фильмнің алғашқы көрсетілімі болады. Тұсаукесер алдында картинаның шығармашылық тобы қызыл кілемнің үстінен өтеді» дейді.

Фестивальдің ашылу салтанатына Мэтт Деймон, Джуд Лоу, Стивен Содерберг, Жюльет Бинош, Катрин Денев, Изабель Юппер сынды танымал жұлдыздар қатысады.

Көптеген елдердің фильмдерімен жұмыс жасауда тәжірибесі бар және осы салада барлық құқықтарды жақсы білетін Францияның FILMS DISTRIBUTION агенттігі «Уроки гармонии» фильмін әлемдік прокатқа шығарумен айналысатын болды.

Продюсердің айтуынша, 2012 жылы FILMS DISTRIBUTION компаниясы ұсынған WAR WITCH фильмі Берлин кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне қол жеткізіп, «Оскар 2013» киножүлдесіне үміткерлердің тізімінен көрінген.

28 жастағы қазақ режисері – Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» жобасы 2011 жылы VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде өткізілген «Қазақстандық киножобалар нарығында» үздік деп танылып, «Қазақфильм» киностудиясының қаржылай қолдауына және халықаралық деңгейде танылуына кең мүмкіндік алды.

Фильмнің түсіру жұмыстары 2012 жылдың шілде айында аяқталды. Бірнеше күннен кейін фильмнің алғашқы кадрлары Сараево қаласында (Босния және Герцеговина) өткен Халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, Work-in-Progress конкурстық бағдарламасында Бас жүлдені жеңіп алды. Көп ұзамай, «Берлинале Әлемдік Кино Қоры» (Berlinale World Cinema Fund) тағайындаған жүлдеге қол жеткізді. Жалпы, бұл фильм – аталған Қордың қолдауына ие болған алғашқы қазақстандық жоба.

Берлин кинофестивалі – «А» класындағы ең ірі және беделді фестивальдердің бірі. Ол – аты әлемге мәшһүр Канн және Венеция кинофестивальдерімен тең дәрежелі байқау. Осындай деңгейдегі фестивальдің негізгі конкурс бағдарламасына қазақ киносы бұған дейін бір рет қана, 18 жыл бұрын қатысқан болатын. Ол – режисер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі еді (Венеция, 1995 жыл).

Биыл Берлин кинофестиваліне қатысуға 3000-нан астам фильм ниет білдірген, олардың көбі – әлемдік және еуропалық кинопремьералар. Қазақстандық «Уроки гармонии» фильмі аталған фестивальдің негізгі конкурсына қатысатын Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон сынды көрнекті кинорежисерлермен бірге бәйгеде бақ сынасады. 63-Берлин кинофестивалінің қазылар алқасының төрағалығына қытай режисері Вонг Кар-Вай («Чунцин экспресі», «Махаббат көңіл-күйі», «Ұлы өнерпаздар») тағайындалған.

Былтыр Берлин кинофестиваліне 450000-нан астам адам қатысты, соның ішінде 4000-ға жуығы 86 елден арнайы келген журналистер болды.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: «Қазақфильм» киностудиясы

А. Құлтай