Қашықтан қандай жұмыс істеуге болады?

Қашықтан қандай жұмыс істеуге болады?
Фото: dribbble.com/kaleedesign

Finder HR-агенттігі қазіргі таңда кәсіби машығы (hard skills), еңбек өтілі жоқ адамдарға да қашықтан істейтін жұмыс көп дейді.

Жұмысты қашықтан істеуді қалайтын, еңбек өтілі жоқ адамдар мыналардың кемінде біреуін меңгерген:

1. Ноутбук/компьютерді біледі;
2. Интернет серфинг;
3. Чатта сөйлесу;
4. Әлеуметтік желіде лайк басып, пікір жазу;
5. Суретті қарапайым өңдеу;
6. Ағылшын тілінен немесе ағылшыншаға аударма жасау. 

Біліміңіз бен өнеріңізді тізіп шығыңыз. Мысалы AutoCAD, Excel сияқты бағдарламаларды білесіз, ән саласыз немесе Instagram-ды бес саусағыңыздай білесіз. Соған қарай сала таңдаңыз.

Мәселен:

• SEO
• SMM
• Білім беру (онлайн-курс, онлайн-мектеп)
• Медиа, блоггинг
• Шетел тілі
• Дизайн
• Сату

Қашықтан істеуге арналған жұмыстар

Instagram-дағы "Direct" менеджері

Не істеу керек: жазылушылардың, потенциал клиенттердің хатына жауап беру. Шұғыл жауапты қажет ететін маңызды хаттарды іріктеп, спам мен маңызы жоқ хаттарды өшіріп отыру. Жауап дайындап, парақша иесінің мақұлдауын алу.

Қайда істеуге болады: сату процесі Instagram-да жүретін парақшалар. Мысалы интернет-дүкендер, блогерлер, брендтер.


Клиент-менеджер, куратор

Не істеу керек: әлеуметтік желіде (VK, Facebook), мессенджерде (WhatsApp, Telegram, Facebook Messenger), электрон поштада потенциал кленттердің хатына, сұранысына жауап беру. Менеджер әдетте дайын шаблондарды пайдаланып жауап жазады, бірақ арнайы жауапты қажет ететін хаттарға әріптестердің көмегімен жауап беруге болады.

Қайда істеуге болады: сату процесі әлеуметтік желіде жүретін брендтер. Мысалы онлайн-мектеп, онлайн-курс, онлайн-сервистер.


Интернет-дүкен менеджері

Не істеу керек: тапсырыстарды қабылдап, сайт арқылы клиенттермен сөйлесу. Тапсырысты CRM-ге салып отыру. Кейде тауарлардың сипаттамасын жаңартып отыру қажет.

Қайда істеуге болады: шағын интернет-дүкендер, туризм компаниялары.


Копирайтер

Не істеу керек: креативпен немесе белгілі бір шаблонды пайдаланып сатуға итермелейтін, қызық, тартымды мәтін жазу.

Қайда істеуге болады: блогерлер, бір салаға бейімделген парақшалар.


Пікір модераторы

Не істеу керек: әлеуметтік желі парақшаларындағы, сайттағы орынсыз, бейәдеп пікірлерді, спамды өшіріп отыру.

Қайда істеуге болады: жекеменшік компаниялар, блогерлер, жарнама агенттіктері, БАҚ.


Контент-менеджер

Не істеу керек: сайтқа дайын мәтіндерді жариялап отыру, компанияның жеке блогын жүргізу, тауар каталогын сайтта және әлеуметтік желіде жаңартып отыру.

Қайда істеуге болады: интернет-дүкендер, жекеменшік компаниялар.


Дизайнер көмекшісі

Не істеу керек: тауар фотосуреттерін өңдеу, суреттерге логотип қою, әлеуметтік желідегі сторис-посттардың дизайнын жасау, бас дизайнер тапсырмасын орындау.

Қайда істеуге болады: жекеменшік компаниялар, интернет-дүкендер, жарнама агенттіктері, маркетинг агенттіктері, онлайн-курстар, әлеуметтік желідегі салалық парақшалар, блогерлер.


SEO-маман көмекшісі

Не істеу керек: нұсқаулыққа сүйеніп копирайтерге техникалық тапсырма дайындау, CRM-жүйедегі жобаларды жүргізу.

Қайда істеуге болады: жекеменшік компаниялар.


Жарнама менеджері

Не істеу керек: жарнама жасайтын платформа, блогер, Youtube-каналдардың деректерін жинап, жаңартып отыру. Деректер қорында контактілер, сілтеме, жарнама құны, серіктестік шарты болуы керек.

Қайда істеуге болады: жарнама, PR агенттіктері.


Аудармашы

Не істеу керек: жұмыс берушінің талабына қарай шетел тілінен аударма жасау.

Қайда істеу керек: БАҚ, блогерлер, белгілі бір салаға маманданған парақшалар, медиапродакшндар.


Аудионы шифрлаушы, субтитр жасаушы

Не істеу керек: аудио, видеодағы контентті мәтін қылып теріп шығу, видеоға субтитр етіп қосу.

Қайда істеуге болады: видеопродакшн, монтаж студиясы, дыбыс жазу студиясы, маркетинг, PR агенттіктер, БАҚ.


Монтажер

Не істеу керек: видео өңдеу, әлеуметтік желідегі парақшаға арнап қысқа роликтер дайындау.

Қайда істеуге болады: блогерлер, SMM, жарнама агенттіктері.


HR-менеджер

Не істеу керек: мекемеге қызметкер табуға көмектесу, вакансияларды сайттарда, әлеуметтік желілерде жариялау.

Қайда істеуге болады: жекеменшік компаниялар, HR-агенттіктер.

Massaget.kz