Шашты қай кезде қиюға болмайды?

Шашты қай кезде қиюға болмайды?
Фото: pinterest.com

Шаш – адамның көркі. Қазақ халқы ертеден-ақ шашты қасиетті санаған. Қыздың сұлулығын еселеп тұратын қою қара шашын ұзын етіп өсіріп, бұрым ғып өріп, шашбау таққан. "Жақсы қыздың бұрымында мін болмас", "Таудың көркі – тас, қыздың көркі – шаш" деген аталы сөздер қыз бала үшін ұзын бұрымның қаншалықты маңызды екенін ұғындырады.

Халық танымында шаш киелі саналады. Шашқа баса мән беріп, өте сақ болған. Тарап болған соң түскен шашты, ұшын түзеп қиғаннан соң кесілген шаштың бір талын қалдырмай жинап алған.

Қылмыстық істерді ашу бөлімінде оқиға орнында табылған шаш арқылы ол адамның кім екенін оп-оңай анықтайды. Тіпті адамның есірткі шегетіні, ішімдікке әуестігін де шаш талдауы арқылы білуге болады. Саусақ іздері секілді шаштың құрылымы да бір-біріне ұқсамайды.

Адамдар ежелден-ақ әйелдің қаруы шаш екенін жақсы білген. Ертедегі Славяндар шаш арқылы Жер-ана мен Күн-әке әсер ететінін дәріптеген. Шаш арқылы даналық пен Тәңірдің қалауын сезінуге болатынын есте сақтаған.

Славян-арий ведаларында "Шашты кеспе, денсаулық пен даналықтан айырыласың" деген сөз бар. Сондықтан славяндар шаш кеспеген.

Тек "көз тиген" адамдар ғана шашын кескен. Жаман аурудан, жаман энергетикадан құтылу үшін, күнәсін жуып-шаю үшін солай жасаған. Егер тағдырдың қиындығына төтеп берсеңіз, шашыңызды қиып, жаңа өмір бастауға болады.

Әйелдер о баста шашын қысқа қылып кеспеген. Бұл әйелді қуат қайнарынан аластау екен.

Өз шашыңызды өзіңіз кеспеңіз. Шаш түгілі кекілді де өзіңіз қимаңыз. "Адам өз шашын өзі қиса, басындағы бағын бірге кеседі" деп жатады. 

Ел арасында айтылып жүрген шашты кесуге қолайлы және қолайсыз күндер де бар екен. Бұл тек қана болжам, сондықтан шашыңызды қай күні кесем десеңіз де, өз еркіңізде. Бірақ жұма мен жексенбі күндері қолайсыз саналады.

Жүкті әйел шаш қимайды. Әйел адам аяғы ауыр екенін білген сәттен бастап шаш қидыруды ойламау керек деп саналады. Себебі өзі мен баласына арналған күш-қуат жинақталады түсіндіріледі.

Деректерге сүйенсек, жүктілік кезінде шашты қидырудың іштегі балаға ешқандай тигізер зияны жоқ. Бірақ, химиялық қоспалары бар шаш бояғыштарды жүктіліктің төртінші айына дейін (толық үш ай) қолданбаған дұрыс. Себебі, аммияк, резорцын сынды химиялық қоспалар әлі толық жетілмеген іштегі шақалаққа зардабын тигізуі мүмкін.

Әйтсе де санада жаңғырып қалған, таным бойынша қалыптасып кеткен түсініктен аттамаған да абзал.

Маңызды шешім қабылдар кезде қимаңыз. Мұндай түсінік көп халықта бар. Әсіресе спортшылар жарыс алдында, шешуші ойын болар кезде шаш пен сақал-мұртын алмайды. Мұнда да сенімге байланысты екені анық.

Ауырып жүргенде шаш қысқартуға бармаңыз. Сырқаттанып қалғанда дәрігерге қаралып, рұқсат етсе үйде ем қабылдағаныңыз абзал. Әсіресе ауа арқылы немесе қол арқылы жұғатын болса тіпті ауруханаға жатқаныңыз жөн. Олай болмаған жағдайда үйде болып, қашан жазылғанша кей істерді кейінге шегеріңіз. Мұндайда шаш қысқартуға бармаңыз. Себебі шаштаразға жұқса, сізден кейін одан қанша адамға тарауы мүмкін.

Шашты өсірген кезде де оның ұшын қиып, жөндеп отыру керек. Себебі, шаштың ұшына жаман энергия қонады деп тұспалданады. Бір айға бір-екі сантиметр қырықса, жеткілікті. Егер өткен айда қуаныш көп болса, онда шаштың ұшын қимаса да болады.

Халқымыздың ежелгі ертегілері мен аңыздарында ха нқызының немесе әйелінің бір тал шашы суға ағып кеткені, бір тал шашын ұрлап кеткені сияқты оқиғалар жиі кездеседі. Кейде перілер мен жындардың бір тал шашын күйдіргенде олар дереу пайда бола кететіні жайлы да айтылады. Мұның бәрі шаштың ерекше күшке ие қасиетіне көз жеткізген танымнан туған көркем дүниелер.

Қазақ ертеден қыздарға шашты өріп жүруді, жалаңбас жүрмеуді кішкентай күнінен құлағына құйған. Тақия, бөрік, кимешек пен орамал тарту тазалықпен қатар жаман энергиялардан сақтанудың жолы болған.

Шаш күтімі туралы не білеміз?

Үй жағдайында шашты қалай күтеміз?

Н. Үсенова