Көлік шанағы неден тот басады?

Көлік шанағы неден тот басады?
Фото: novate.ru

Көлік шанағының сырылуы кез келген жүргізуші үшін жағымды жаңалық емес. Тот басатын болса, тіпті көңіл-күйдің түскені. Ал шын мәнінде шанақтың тот басуына жүргізушінің өзі де кінәлі.

Сыры көшкеніне мән бермеу

Көлік сырты сырылса, сыры көшсе мән бермей жүре беру – басты қателік. Кішкентай ғана кем-кетіктің өзі тот басуына себепкер болады. Сондықтан шанақ сырылса немесе майысса бірден жөндетіп алуға тырысқан жөн.

Бүлінгенін елемеу

Тот басу көбіне шанақта сыр тимеген жерлерден басталады. Бүлінген жері болса, бірінші сол жер тоттана бастайды. Сондай-ақ пластик қаптамалар астын да жиі тексеріп тұрыңыз.

Көлікті аз жуу

Көлікті көп жуғаннан сыры көшіп, шанақты тот басады деп айтатындар да бар. Жиі жуып тұрудың пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.  Есесіне сырды көшіруі мүмкін кей химиялық заттардан тазарады. Судан көліктің сыры көшпейді.

Ұзақ уақытқа көлікті қалдыру

Көлікті ұзақ уақыт тұраққа қоярда да ескеретін ережелер бар. Тұрақтың сыз немесе дымқыл болмауына мән беру керек. Сондай-ақ көлік тұрағында желдеткіштің болғаны дұрыс немесе ауа еркін қозғалатын болуы керек. Дымқыл ауа, сызды жерде темір тез тотығып тоза бастайды.

Н. Үсенова