Ғаламшарды құтқаратын өнертабыстар

Ғаламшарды құтқаратын өнертабыстар
Фото: freepik.com / sprout.cc

Экологияның бұзылуы барлық тіршілік иесіне айтарлықтай әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша ауаның ластануынан жыл сайын 7 миллион адам қаза табады.  

Әлемнің түкпір-түкпірінен зерттеушілер ғаламшарды тазартудың түрлі амалдарын іздестіруде. Бірде сәтті шықса, бірде бірнеше жылға созылған еңбек сол күйі нәтижесіз аяқталады. Бүгін 2019 жасалған эко-технологиялар тізімін назарларыңызға ұсынамыз. 

Экоматериалдар

Жылдың басынан бері болып жатқан табиғи апаттардың барлығы ғаламдық жылыну деген ұғымның "әзіл" емесін дәлелдегендей. Антарктида, Арктика мен Гренландия мұздақтары еріп жатыр. Мұхиттың деңгейі болса жыл сайын 3,2 мм-ге артады. Түрлі болжамдар бойынша, 2100 жылы теңіз деңгейі жер бетінен 0,5–2 метрге көтеріледі. Демек, бірнеше тұрғылықты аймақ су астына кетеді. Олардың қатарында Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Венеция, Санкт-Петербург секілді қалалар бар.  

2019 жылы ECOncrete жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан зерттеушілер теңіз экожүйесін сақтап қалып, құрылыста қолдануға болатын жаңа материалды ұсынды. Олардың айтуынша, су асты және жағажай инфрақұрылымына мұхит суымен селбесе алатын материал қолданған жөн. Бұл арқылы мәселені түбегейлі шешпесе де, апатты жағдайдың алдын алуға болады. 

Үнемді ауыл шаруашылығы

Ғаламшарымыздағы сарқылатын табиғи ресурстарды сақтай отырып,  саны үздіксіз өсіп жатқан халықты тамақпен қамтамасыз ету – бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі. Климаттың өзгерісі де ауыл шаруашылық өнімдерін өсірудің үнемді әдістерін керек етеді. Мысалы, AeroFarms компаниясы қарапайым шаруа қожалықтарына қарағанда, суды 95% аз қолданатын жаңа егін технологиясын ойлап тапты. Басты ерекшелігі өсімдік топырақта емес, қайта өңделген бөтелкелерден жасалған ұлпаларда өсіріледі. Тұқымға су құйылмайды, ылғалды тұманның көмегімен алады. AeroFarms технология көмегімен өсірілген алғашқы өнімдерін сауда орталықтары, мейрамханалар мен әуе компанияларына ұсынды. 

Суды бақылау

Соңғы уақытта жиі талқыланып жүрген жаһандық мәселе – әлем мұхитының микропластиктерге толуы. Зерттеушілер пластиктердің кішкентай бөлігі су фаунасының ағзасына түсетінін айтады. Нәтижесінде теңіз өнімдерін тұтынатын аймақ тұрғындары да түрлі ауруға шалдығады. 

Draper және Sprout компаниялары біріге отырып, су астына бейімделген әрі сезімтал аппарат ойлап тапты. Жаңа құрылғы су айдындарын бақылып, құрамындағы микропластик мөлшерін анықтайды. Алыстан басқарылатын техника су үлгілеріне сараптама жасап, ақпаратты арнайы орталыққа жібереді. Жоба авторлары болашақта су туралы ақпараттардың үлкен қорын жинақтамақ. Одан бөлек, "Ауа сапасының индексі" деп аталатын жаңа жобаны қолға алу жоспарларында бар. 

Биоыдырағыш аяқ киім 

Картинки по запросу futurecraft adidas

Әлгілі бренд Adidas компаниясы қайта өндірілетін аяқ киім түрін жарыққа шығарды. Зерттеу және технологияны ойлап шығару жеті жыл уақытты алған. Бренд өкілінің айтуынша, "Futurecraft  жобасы – жыл сайын біз өндіретін тауардың экологиялық салдарын тазатуға жасалған алғашқы қадам". Одан бөлек, H&М дүкендер желісінде де киімді қайта өңдеуге тапсыруға болады.

Т. Есқали