Қазақстан құрамасы Сан-Мариноны ірі есеппен ұтты

Massaget Корреспондент
Қазақстан құрамасы Сан-Мариноны ірі есеппен ұтты
Фото ©️ kff.kz

Футболдан 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы қонақта Сан-Марино құрамасын 1:3 есебімен жеңді. Сан-Марино бұл матчта іріктеудегі алғашқы голын соқты. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан І тобында 10 ұпаймен 5-орында келеді. 

БӨЛІСУ

Кездесуді ширақ бастаған қазақстандықтар 6-минутта есеп ашты. Ян Вороговскийдің пасынан кейін Бахтиер Зайнутдинов баспен соққы жасап, қақпашыны қапы қалдырды.

23-минутта қорғаушы Гафуржан Сүйімбаев есепті еселеді.

Артынша 27-минутта Бауыржан Исламханның пасын алған Алексей Щеткин есепті 3:0-ге жеткізді.

Ойынның екінші таймында Сан-Марино құрамасы квалификациядағы тұңғыш голын соқты. Қақпашы Дмитрий Непогодов пен қорғаушылардың қатесін пайдаланып кеткен Марко Бернарди бос қақпаға доп тоғытты. Есеп – 1:3. Сан-Марино осыған дейін өткізген 8 ойында бір де бір гол соқпаған және 43 гол өткізген.

Қазақстан іріктеудегі соңғы ойынын топта 12 ұпаймен келе жатқан Шотландия құрамасымен 19 қарашада өткізеді.