Қанат Исламмен бір рингке кімдер шығады?

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Қанат Исламмен бір рингке кімдер шығады?

26 қараша күні Алматы қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде кімдердің шаршы алаңға шығатыны белгілі болды.

БӨЛІСУ

Кештің басты жекпе-жегінде жеңіліс дәмін татпаған отандасымыз Қанат Ислам (26-0, 21 КО) намибиялық Уолтер Каутондоквамен (18-1, 17 КО) қолғап түйістіреді. Уолтер Каутондоква – 34 жаста. 2018 жылы WBO-ның орта салмақтағы чемпионы Деметриус Андрадемен (26-0, 17КО) қолғап түйістірген. 119-105, 120-104, 120-104 есебімен америкалық боксшыға есе жіберіп, алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татқан. Осы жылдың мамыр айында малавилік боксшы Симон Тшетаны нокаутпен жеңген. 

Ал бұл жекпе-жектің андеркартында Арман Рысбек (6-0, 5 КО), Руслан Мырсатаев (6-0, 6 КО), Асқар Ерубек (1-0, 1 КО), Нұрсұлтан Аманжолов (1-0, 0 КО) мен Бексұлтан Раушанов (5-1, 3 КО) шаршы алаңға шығады деп жоспарлануда.

Бексұлтан Раушанов (Өзбекстан, 5-1, 3 КО) — Александру Ионита (Румыния, 7-1-1, 5 КО), жартылай жеңіл салмақ;

Дәулет Дәукенов (5-1, 3 КО) — Иван Петров (Молдова, 3-1-1), бірінші жартылай орта салмақ;

Нұрсұлтан Аманжолов (1-0) — Михал Банбула (Польша, 13-31-4), аса ауыр салмақ;

Асқар Ерубек (1-0, 1 КО) — Владислав Баранов (Украина, 6-4-2, 4 КО), бірінші жартылай орта салмақ;

Ақетелиеке Жиенси (Қытай, 10-3-3, 2 КО) — Максим Воронин (Украина, 3-0, 1 КО). 

Арман Рысбек, Руслан Мырсатаев пен Нұрсұлтан Аманжоловтың қарсыластары әзірге анықталған жоқ.

Қанат Ислам болса 5 шілде күні Алматы қаласында өткен бокс кешінде доминикандық Хулио де Хесусты 14 секундта ұтып, орта салмақта WBO Inter-Continental чемпиондық атағын жеңіп алған еді. Боксшы осы кештен жиналған қаржының бір бөлігіне көпбалалы отбасыға баспана алып беруді ұйғарған. Қанат Ислам Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында Сарыарқа ауданында орналасқан пәтердің кілтін 8 баланың анасы, "Күміс алқа" иегері Гүлшат Баяділова табыстады.