Қазақстандық биатлоншылар допинг қолданбағанын дәлелдеп шықты

Қазақстандық биатлоншылар допинг қолданбағанын дәлелдеп шықты

Халықаралық Биатлоншылар Одағының (IBU) допингке қарсы панелі биатлоннан Қазақстан командасының тоғыз спортшысына тағылған уақытша жарыстан шеттету туралы айыптың күшін жойды, деп хабарлайды Olympic.kz.

2019 жылдың 24 маусымы күні Инсбурк қаласында биатлоннан Қазақстан командасының жарыстан шеттетілген спортшыларына қатысты отырыс өткен болатын. Аталған отырыстың шешімі туралы ақпарат бүгін мәлім болды. Қазақстандық спортшылардан допингке қарсы ережені бұзғаны үшін тағылған айыптар алынып тасталды. Сондай-ақ, олардың IBU ұйымдастыратын халықаралық жарыстардан шеттетілуі туралы шешімнің де күші жойылды.

"Біздің спортшылар жалпы есебі 292 күн бойы жарыстан шеттетілді. Біз Ұлттық Олимпиада Комитеті, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, бұл істің оң шешімін табуына атсалыстық. Өйткені, тексеру кезінде біздің биатлоншылардан алынған допинг сынама теріс нәтиже көрсетті. Біздің спортшыларға қолдау көрсеткен баршаңызға рахмет", - дейді Қазақстан Биатлоншылар Одағының Президенті Ермек Қизатов.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 21 қарашасында IBU Қазақстан командасының негізі құрамын, оның ішінде Галина Вишневская, Алина Райкова, Дарья Климина, Ольга Полторанина, Ян Савицкий, Максим Браун, Анна Кистанова, Антон Пантов және Василий Подкорытовты жарыстардан шеттету туралы шешім шығарған болатын.

Сонымен қатар, оларға халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуға уақытша тыйым салынды.

2017 жылғы 8 ақпанда допинг қолданды деген күдікпен Австрияның Федерал полициясы Қазақстан құрамасының спортшылары мен жаттықтырушыларының допингке жоспардан тыс сынамаларын алып, іздестірді. Қазақстан құрамасына тиесілі қолданылған дәрі-дәрмектердің қоқыс жәшігінен табылуы допинг дауына себеп болды.

Massaget