Ресми: Головкин чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді

Ресми: Головкин чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин келесі жекпе-жегінің қашан және кіммен өтетінін мәлімдеді.  

Жекпе-жек 5-ші қазан күні Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden кешенінде өтеді. Бұл жолы Геннадий Головкин украиналық Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) қолғап түйістіреді. Бәске орта салмақтағы IBF белбеуі тігіледі. 

Жекпе-жектің өтетіні туралы Геннадий Головкин әлеуметтік желі арқылы ресми хабарлады. 

"Өзімнің екінші үйім санайтын MSG төрінде шаршы алаңға оралатыныма қуаныштымын. Біз Big Drama Show-ды Madison Square Garden мен DAZN-ға қайтарамыз. Сіздер бокста ұнататындарыңыздың бәрін көресіздер. Нью-Йоркте жолығамыз", - деп жазды Головкин Instagram парақшасында.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Gennadiy Golovkin | GGG (@gggboxing)21 Авг 2019 в 8:58 PDT

Бұған дейін украиналық боксшы Сергей Деревянченко да айқастың постерін Instagram желісіне жүктеп, "Келіссөз аяқталды" деп жазды. Алайда бірер сағаттан соң екі жазбасын да өшіріп тастады. 

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Головкин мен Деревянченкоға жекпе-жек өткізуге рұқсат еткен болатын. Мексикалық боксшы Сауль Альварес (52-1-2, 35 КО) Сергей Деревянченкомен жекпе-жек өткізуге келісе алмағаннан соң 1 тамыз күні IBF белбеуін босатты.  

Айта кетейік, Головкин 2015 жылдың қазанынан 2018 жылдың маусымына дейін IBF чемпиондық белбеуін иемденген еді. Алайда Сергей Деревянкомен жекпе-жек өткізуден бас тартқаннан соң белбеуінен айырылды.  

37 жастағы Геннадий Головкин үшін бұл жекпе-жек кәсіпқойдағы 42-ші болмақ. GGG оның 39-нда жеңіске жетсе, 35-н уақытынан бұрын аяқтаған. Сауль Альварестен бір айқаста жеңіліс тауып, біреуінде тең түскен. Ал оның қарсыласы Сергей Деревянченко болса 14 жекпе-жек өткізіп, оның 13-нде ұтқан. Бір жекпе-жегінде қарсыласына есе жіберген.

А. Рысдәулет