Головкин – Альварес жекпе-жегі қайда өтетіні белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент
Головкин – Альварес жекпе-жегі қайда өтетіні белгілі болды
Фото ©️ Boxing News

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварес арасындағы жекпе-жек  Лас-Вегаста (АҚШ, Невада) өтетін болды. Бұл туралы отандасымыздың промоутері Том Леффлер жазды.

БӨЛІСУ

- "Канело" – Головкин жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena аренасында өтетінін ресми түрде хабарлаймын. Жанкүйерлер үшін керемет бокс кеші болмақ! – деп жазды Том Леффлер twitter парақшасында.

2016 жылы ашылған "T-Mobile Arena"-ға 20 мыңға жуық жанкүйер сыяды.

Геннадий Головкин "T-Mobile Arena" кешенінде, жалпы Лас-Вегаста жекпе-жек өткізбеген. Ал "Канело" болса Лас-Вегаста 10 кездесу өткізген. Оның ішінде Амир Хан мен соңғы рет шаршы алаңға шыққан қарсыласы Хулио Сезар Чавеске ( кішісі) қарсы осы аренада жұдырықтасқан.

Сауль "Канело" Альвареске қарсы жекпе-жектен Геннадий Головкин орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO чемпиондық атақтарын қорғайды. Мексикалық "The Ring" журналының белбеуін бәске тігетін болады.