ҚР Парламент Сенаты допингке қатысты заң жобасын мақұлдады

ҚР Парламент Сенаты допингке қатысты заң жобасын мақұлдады
Фото: ELGA LabWater

ҚР Парламент Сенаты "ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар туралызаң жобасын екі оқылымда қабылдады. Заң жобасы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.

Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады, ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді.

Сонымен қатар, допингті пайдаланғаны үшін Заң жобасында:

- дисквалификация;

- спортшының спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау;

- ақшалай көтермелеуді қайтару;

- спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату;

- спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату;

- спорттық атағынан айыру;        

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу;

- спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару.

Сондай-ақ, Заң жобасында Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға беру үшін тұрғын үй беру, сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты осы мерзімге аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген және егер осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне берілетін болады.

Бұл ретте, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы немесе жүлдегері болып табылатын ҚР спортшысы қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, допингтік сынаманың нәтижесіне қарамастан қайтыс болған (қаза тапқан) мұрагерлерінің тұрғын үйді өтеусіз алуы көзделген.

Жыл сайын Ұлттық допингке қарсы орталық 3000 биосынама алу жүргізеді. 2013 жылдан бастап жұмыс істеу кезеңінде қазақстандық спортшылардың допингті қолдануының 307 оқиғасы анықталды. 

 
А. Рысдәулет