Үстел ойындарының миға пайдасы қандай?

Үстел ойындарының миға пайдасы қандай?
Фото: freepik.com

Адам қартая бастаған сәтте ағзаның жұмысы да әлсірей түседі. Бұл – табиғи құбылыс. Дегенмен оның жұмысын тежеп, қартаю процесін шегеруге болатынын білесіз бе?

Орталық жүйке жүйесі есте сақтау, оқу, жазу, түсіну, қабылдау, уақыт кеңістігін сезіну секілді когнитивті қызметке жауап береді. Ал бұл жүйе жұмысының бұзылуының алдын алу үшін үстел ойындарын көп ойнау қажет. 

Жас кезінде шахмат, тіпті, карта секілді ойындарға әуес болғандардың қартайған кезде алғырлығы сақталып, есте сақтау қабілетінің қызметі нашарламайды. Эдинбург университетінің ғалымдары арнайы жүргізген зерттеудің нәтижесінде осындай қорытындыға келген. Зерттеуге жас шамасы 70-тердегі қарттар қатысқан.

Зерттеу жұмыстары осыдан 9 жыл бұрын басталған. 70 жастағы мыңға жуық адамның жаңа ақпаратты өңдеу, шешім қабылдау мен ойлау жылдамдығы тексерілген. Олар әрбір үш жыл сайын тесттен өтіп отырған. Соңғы зерттеу кезінде қатысушылардан карта, шахмат, лотоны қаншалықты жиі ойнап, кроссворд шешкені туралы сұраған.

Ғалымдар зерттеуге қатысушылардың 11 жасында өткен зерде тестінің нәтижесін назарға ала отырып олардың өмір салтына, білім алуына, қоғамдағы статусына және дене шынықтыруға қаншалықты уақыт бөлгенін салыстырған. 

Нәтижесінде жас кезінен бастап үстел ойындарына әуес болғандар қартайған кезде есте сақтау қабілеті мен шешім қабылдауы әлдеқайда жақсы сақталған. Бұған қарап интеллектуалды ойындардың адамның орталық жүйке жүйесі жауап беретін когнитивті қызметке қалай әсер ететінін байқауға болады.

Дегенмен үстел ойындарын бастаудың ерте-кеші жоқ. Қарт кісілерге де уақыт оздырмай үстел ойынымен дос болуға кеңес береді. Сондай-ақ зерттеу бойынша үстел ойындарының ережелері бірнеше адамның қатысуын талап етеді. Олар үнемі жақын қарым-қатынаста болып, бір-бірімен араласып, ойын арқылы тәжірибе алмасады. Ал бүгінгі таңда біз бір үстелде достарымызбен немесе жақындарымызбен бірге жиналсақ та, назарымыз сматфонда болады екен. Бұл үстел ойындары маңызды қарым-қатынас дағдыларын игеруге, қатынасты жақсартуға көмектеседі деген сөз. 

 
А. Рысдәулет