Роналду, Надаль мен Головкиннің қолтаңбасы бар лоттар: Бәссаудада тағы не сатылды?

Роналду, Надаль мен Головкиннің қолтаңбасы бар лоттар: Бәссаудада тағы не сатылды?
Фото: Daily Mail

24 және 25 тамыз күндері Ақмола облысының Шортанды-Бурабай курорттық аймағында еліміздегі ең ірі қайырымдылық іс-шара – VII Burabike Fest 2019 спорттық-музыкалық фестивалі өтті. Биыл Burabike Fest 2019 қатысушылардың саны бойынша, сондай-ақ, қайырымдылық қаражат жинау сомасы бойынша рекорд жаңартты.

Фестиваль басталғанға дейін тіркеу мен қайырымдылық жарналарының арқасында 130 миллион теңге қаржы жиналды. Бірінші күні мейман меценаттардың арасында өткізілген бәссауда Burabike Fest қорына 164 миллион теңге әкелді. Барлық қалаған меймандардың қатысуға мүмкіндігі болған аукционда брендті спорттық киімді сатудан 6,2 миллион теңге түсті. Сөйтіп, биылғы жылы 300,2 миллион теңге рекордты сома жиналды.

Қайырымдылық шара барысында 35 шақырым және 70 шақырым қашықтыққа әуесқойлар арасында веложарыс, сондай-ақ 10 шақырым қашықтыққа велошеру өтті. Сондай-ақ теннистен қатысушылар бақ сынап, қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздарының концертін тамашалады. 

Жыл сайын фестивальге танымал велошабандоз Александр Винокуровтың жетекшілігімен "Астана" командасы қатысады:"Біз "Астана" велокомандасы атынан біз үшін дәстүрге айналған қайырымдылық іс-шараны кезекті рет қолдауға қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осы жылдардың ішінде Қор қайырымдылық қаражат жинау бойынша қомақты жұмыс атқарды. Сондай-ақ іс-шараны ұйымдастырылуы мен өткізілуінің жоғары деңгейін атап өткім келеді. Келесі жылы көрісеміз", - деп атап өтті Александр Винокуров.

Жиналған қаражат (қатысушылардың тіркелу жарналары, қайырымдылық аукциондардан түскен түсім, меценаттар мен демеушілердің жарналары, брендті спорттық жабдықтаманы сатудан түсім) Қазақстанның аймақтарындағы балалар ауруханаларын, емханалар мен перзентханаларды өмірлік маңызды медициналық жабдықпен жарақтауға бағытталады.

"Burabike Fest спорттық-музыкалық фестивалі еліміздегі ең ірі қайырымдылық іс-шараға айналды. Біз әрбір қатысушыға, демеушіге, аукционда лот сатып алушыға олардың қосқан үлестері үшін алғысымызды білдіреміз. Burabike Fest өткізудің арқасында еліміздің сан алуан аймақтарында медициналық қызметтердің сапасы жақсарады және олардың тұрғындары ең заманауи диагностикалық және реабилитациялық жабдыққа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады", - деп қорытындылады Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.  

Қайырымдылық аукционында танымал спортшылардың бұйымдары сатылды. Мысалы, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің қолы қойылған қолғабы 1 миллион 200 теңгеге сатылды. Сондай-ақ, Қанат Исламның да қолғабын 50 мыңға сатып алды. Бұдан бөлек "Барыс" хоккей клубының ойыншысы Мадияр Ыбрайбеков жейдесі 100 мыңға сатылды.  Ал "Астана" футбол клубының жейдесі бағаланды. Жүзгіш Дмитрий Баландиннің қолы қойылған спорттық бас киімі саудада 40 мың теңгеге өтті. Сондай-ақ "Ақтөбе" футбол клубының жейдесі мен добы 120 мың теңгеге сатылды.

Сондай-ақ ерекше коллекциялық заттар да бәссаудаға қойылды. Оның ішінде Батырхан Шүкеновтің жеке коллекциясы, Алматы қаласындағы ботаникалық бақтағы атаулы отырғыш, даңқты теннисші Рафаэль Надальдің қолы қойылған ракеткасы, танымал футболшы Криштиану Роналдудың қолы қойылған бутсы және екі адамға арналған Вена операсына экскурсия болды.

А. Рысдәулет