Айға ұшатын алғашқы турист жайлы не білеміз?

Айға ұшатын алғашқы турист жайлы не білеміз?
Фото: bloomberg.com

70-жылдардан кейін Айға ешкім қадам баспады. Соңғы уақытта адамдардың "кіші ғаламшарға" деген қызығушылығы қайта оянып отыр. Ал жақында ғана Айдан мұздың табылуы отқа май құйғанмен бірдей болды. Айды бағындыруға NASA агенттігінен бөлек жеке компаниялар да ұмтылып жатыр.

Жақында белгілі миллиардер Джеф Безос "Біз Жер бетінен кетеміз, кетуге мәжбүрміз. Қалғысы келгендер қала берсін. Миллиондаған адамдар Айда жұмыс істеп, жер бетіндегі ауыр өнеркәсіптік нысандарды Айға көшіруге болады. Бұл Жер бетіндегі өсіп бара жатқан қажеттіліктерді өтеудің бірден-бір жолы", – деп, мұны 2020 жылға қарай жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

Айды бағындырушылардың қатарында Илон Маск та бар. Ол 2 күн бұрын ғана Айға ұшатын алғашқы адаммен келімшарт жасасты. Ол туралы дүниежүзі БАҚ өкілдері жарыса жазды. Оның есімі өз отанынан басқа жерде онша таныс емес. Бірақ Юсаку – Жапонияда біраз абырой-атаққа ие адам. Ендеше алғашқы ғарышқа саяхат жасайтын адамның өмір жолына көз жүгіртіп көрейік. 

Мансабын диск сатудан бастаған миллиардер 
Юсаку Маэдзава 1975 жылы Жапонияның Камагая қалашығындағы есепші жанұясында өмірге келген. 1991 жылы мектепте жүріп-ақ Switch Style рок тобын құрып, өзі сол топта барабаншы болған. 

Оқуды тәмамдағасын, АҚШ-қа барған. Ол жерде танымал әншілердің CD-дисктерін коллекция етіп жинаған. 1995 жылы Юсаку отанына бизнес бастау идеясымен қайтып келген. Осылай музыкалық дисктерді поштамен жеткізіп беретін компанияның негізін қалайды. 1998 жылы 22 жастағы болашақ миллиардер Start Today фирмасын ашқан.

Фирма интернет тапсырыстар негізінде танымал әншілердің компакт-дисктерін сатумен айналысады. Бірнеше жылдан соң жас кәсіпкер Zozotown деп аталатын киім-кешек сататын интернет-дүкеннің негізін қалайды. Алғашында компанияда 4 адам жұмыс істесе, бүгінде олардың саны – 900. Zozotown  Жапониядағы ең танымал киім-кешек саудасымен шұғылданатын компанияның бірі. Forbes мәліметтеріне қарағанда Маэдзаваның жалпы байлығы 3 миллиард доллар болып, Жапониядағы бай адамдар тізімінде 18-орынды иеленген. 

Өнер жанкүйері 
Маэдзава отанында қайырымдылық шараларын өткізумен танылған адам. Ол 2003 жылы футболка сатудан түскен барлық ақшаны қайырымдылық қорына өткізген. Сонымен бірге, өзі туып өскен Тиба префектурасына стадионды жөндеуден өткізу үшін 1 миллион доллар бөлген. 

Бір ерекшелігі оның компаниясындағы қызметкерлер күніне 6 сағат жұмыс істейді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл қызметкерлердің жанұясына көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді екен. 

Маэдзава өнерді қатты жақсы көреді. Ол 2012 жылы заманауи өнер қорын құрған. Юсаку әр жылы 20 жастан 35 жасқа дейінгі талантты жастарды ынталандыру үшін 15 мың доллар бөліп отырады. Миллиардер жас суретші мен музыканттарға арнап гранттар тағайындайды. Туған жерінде мұражай ашуды да жоспарлап отыр. 

Ол 2016 жылы Жан-Мишел Баския мен Пабло Пикассо картиналарын сатып алу үшін 80 миллион долларын сарп еткен. 2017 жылы болса Жан-Мишел Баскияның "Атауы жоқ" картинасын 110,5 миллион долларға сатып алып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Алғашқы ғарыш саяхатшысы 
Ғарышқа саяхат Маэдзаваның пікірінше, көңіл көтеру емес, керісінше арт-жоба. Бұл өнер адамдарын шабыттандырады деп отыр. Миллиардер Big Falcon зымыранында өзімен бірге ұшатын суретші, фотограф, режиссер, модельер және архитекторлар үшін сегіз орын алып қойған. 

Маэдзава жерге оралғаннан соң өнер адамдары саяхат әсерінен түрлі туынды тудыратынына сенеді. Ол саяхат үшін қанша төлегені туралы ашып айтқан жоқ. Бұдан бұрын билет құны 35 миллион доллар болатыны болжанған еді. 

Айта кетейік, 18 қыркүйек күні Илон Маск SpaceX компаниясы тарапынан жобаланып жатқан BFR зымыранында Айға саяхаттайтын алғашқы турист жапон миллиардері Юсаку Маэдзава болғаны туралы жазған едік.

Арнайы баспасөз кешінде Илон Маск алғашқы туристпен журналистерді таныстырып, "Бұл өте үлкен зымыран, ол озық технологиялармен жабдықталады. Бәрібір 100 пайыз сенімді бола алмаймыз, біз оның ұшуына сәттілік тілейміз, менің ойымша, бұл мүмкін, бірақ сенімді емес. Юсакуды мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұшыру үшін барлығын жасаймыз және барынша қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз", - деген еді. Ал Юсакудың өзі болса, арманының орындалуына қолдау білдірген Маск командасына алғысын білдіріп, өнер адамдарын өзімен бірге ұшуға шақырған еді.

Т. Раушанұлы