"Aldaspan" тобы "Nala" әніне клип түсірді

"Aldaspan" тобы "Nala" әніне клип түсірді
Фото: massaget.kz

"Алдаспан" тобы – электродомбырада ойнайтын жалғыз топ. Сонымен қатар, бұл топ Халықаралық заманауи этникалық The Spirit of Tengri  музыкалық фестивалінің тұрақты қатысушысы. "Алдаспан" тобы әдетте, патриоттық әндер айтады. Ал жаңа ән қазіргі заманның талабын, қоғамда белең алып жатқан жайттарды суреттейді. 25 қаңтар күні "Алдаспан" этно-рок тобының "Nala" әніне түсірілген жаңа клипінің жабық көрсетілімі өтті.

Жабық көрсетілімге "Алдаспан" тобы мен режиссерлік команданың жақын достары мен жанкүйерлері жиналды. "Алдаспан" тобы тыңдармандарына тірі дауыста шағын концерт берді.

Клип режиссері Жақия Дамир топпен қалай танысқаны және клиптің түсірілімі жайлы былай деді:

"Мені "Алдаспан" тобымен негізі 3 жыл бұрын жақын досым таныстырды. Мен оларды алғаш рет Меганың жанында берген концертінде көрдім. Өте қызық болды, мен бірінші рет электродомбыраны көрдім. Әлем бойынша, электродомбыра тек оларда бар, басқа ешкімде жоқ. Содан бері олармен арасында сөйлесіп жүрдім. Жақында, желтоқсан айында досыммен көлікте келе жатқанда, досым "Алдаспан" тобының жаңа альбомын көрсетіп, "Нала" әнін қосты. Бұл әнді естіген бойда қиялдай бастадым. Содан соң топқа хабарласып, клип түсіруді ұсындым. Содан кейін бірден клипке дайындықты бастап кеттік. Бюджет аз болды, бар нәрсені жинап, жаңа деңгейде клип түсіруге тырыстық. Бұл менің дебютім. Бұл мен түсірген алғашқы клип. Ол монохромды және жастар стилінде түсірілген. Досым, Илай Дягилев жігіттердің стилін жасауға көмектесті. Сонымен қатар, атақты қазақстандық дизайнер Айнұр Тұрысбек өз көмегін берді. Біз олардың бейнесін толықтай өзгерттік. Оларды жастар да тыңдағанын қаладық. Мен жастардың көпшілігі оларды тыңдамайтындығын білгенде таңғалдым. Себебі қазақша этно-рок дегеніміз керемет қой. Рок Еуропада бар, Америкада бар. Неге Қазақстанда да рокпен әуестенбеске?! Электродомбыраның дыбысы элекрогитарадан еш кем емес. "Алдаспан" тобы жігіттерінің ойнағаны атақты "Linkin Park", "AC/DC" топтарынан еш кем емес. Бұл менің алғашқы клипім болғандықтан, жігіттерге ұсынған ойымды клипте көрсете алмай қалудан қорықтым. Бірақ олардың сенімін ақтадым деп ойлаймын. Мен бұл клип арқылы жастарға мотивация бергім келді. Себебі біздің қоғамда халықтың сынынан қорқатын дарынды жастар көп".

Жабық көрсетілімге "Алдаспан" тобының өмірдегі және өнердегі достары "Mezzo" және "Ұлытау" топтары келіп, өнер көрсетті.

""Алдаспан" тобының сиясы кетпеген «Нала» атты әніне түсірілген су жаңа клипін тамашалап, жақсы әсерде болдық. Себебі, бұл әннің де, клиптің де ерекшелігі – қоғамдағы, айналамыздағы болып жатқан келеңсіз жайттарды көрсетіп, бұл бағыттың теріс екендігін ұғындыру. Хайп құмарлардың ісі, барып тұрған айып екенін түсіндіреді. Қызыл-жасыл дүниенің ойланып қараған адамға көз бояғыш, алдамшы екенін көрсеткендей", - деді "Ұлытау" тобының домбырашысы Рүстем Баекеев.

"Алдаспан" тобының продюсері Нұржан Тойшы топтың болашақтағы жоспарымен бөлісті:

""Алдаспан" мультижанрлық топ болғандықтан, біз қазіргі басымдылықта тұрған бірнеше жанрларды дамытуды ойлаймыз. Біріншіден, мысалы, "Нала" секілді заманауи коммерциялық дәмі бар шығармаларды дамыту. Екіншіден, бұрынғы классикалық этно-рокты ары қарай дамыту және сол бағыттағы шығармаларды шығаруды тоқтатпау. Келесі жылы шетелді барлауды көздеп отырмыз. Шетелді қалай барлайтындығымызды қазір айта алмаймыз, бірақ болашақта бұл жаңалығымызбен бөлісетін боламыз. Шетелде бізбен жұмыс жасайтын адамдар табылды. "Алдаспан" – өте маңызды жоба. Бұл топтың басты мақсаты – түркі елдерінің музыкасын әлемге паш ету, мейнстримге әсер ету. Топтың қазіргі мақсаты – жастарды, аудиторияны поп-рокпен жаулау, шетелге этникалық шығармалармен шығу, шеберлігімізді көтеру және ары қарау іздену".

Жаңа клипті тамашалап, сіз де өз бағаңызды беріңіз. Ал біз ұжым атынан "Алдаспан" тобына шығармашылық табыстар тілейміз.

А. Жапатова