Тойға дайындық туралы 5 фильм

Тойға дайындық туралы 5 фильм
Фото: kinopoisk.ru

"Тойдың болғанынан, болары қызық" демекші тойға дайындық кезінде күтпеген қызықтар мен қиыншылықтар орын алады. Бұл жағдайларды фильмдерден де жиі байқауға болады. Ендеше, тойға дайындық туралы ең қызықты 5 фильмді ұсынамыз.

Ең жақын досымның тойы, 1997 (My Best Friend's Wedding)
Майкл мен Джулианна студенттік кездерінде бір-бірімен келісімшарт жасайды: егер олар 28 жасқа дейін өмірлік жарларын таппаса, онда міндетті түрде бір-біріне үйленеді. Бір күні Майкл Джулианнаны өз тойына шақырады. Ер жеткен жігіт өз уәдесі туралы ұмытып кетеді. Ал Джулианна болса, бір күні олардың келісімшарты орындалады деп күтіп жүреді. Енді оның өз сүйіктісін қайтаруға 4 күн уақыты бар...

Қашып кеткен қалыңдық, 1999 (Runaway Bride)
Әркез некелесіп жатқан жерінен қашып кететін қыз туралы естіген журналист оны жақынырақ зерттегісі келіп, іздеп келеді. Бұл қыз бен журналисттің арасында симпатия пайда болады. Бұл 90-жылдардың классикасына айналған фильм.

Той ұйымдастырушы, 2001 (The Wedding Planner)
Мэрри той ұйымдастырушы болып жұмыс істейді. Той еш қиындықсыз өту үшін дұрыс есеп, шыдамдылық және кәсіби біліктілік қажет. Мэриді барлық тапсырыс берушілер мақтайды. Бір күні ол кездейсоқ бір жігітті кездестіріп, оны ұнатып қалады. Мэри тағы бір тойды ұйымдастыруға барғанда ол жігіт тапсырыс берушінің болашақ күйеуі болып шығады. Ол бұл тойды да басқаларын секілді ұйымдастыра ала ма?

Қалыңдықтар соғысы, 2009 (Bride Wars)
Лив пен Эмма – ең жақын құрбылар. Олар да кез келген қыз секілді салтанатты той туралы армандайды. Бір күні олар әдемі әрі қымбат мейманханада болып, өз тойларын сол жерде жасағысы келеді. Алайда, тағдыр оларға тосынсый дайындап қойды: мейманханада бос бір-ақ күн болады. Достық үшін бірі екіншісіне жол бере ме?

Бес жылға сөз берісу, 2012 (The Five-Year Engagement)
Том Виолеттаны сүйеді және оны әйел етіп алғысы келеді. Олар бір-бірін 1 жылдан аса уақыт таниды. Том – керемет аспаз. Виолетта – Калифорния университетінде жұмыс істеуді армандап жүрген психолог. Виолетта басқа қаладан өзі армандаған жұмысқа шақырту алады. Сондықтан олар тойды кейінге қалдырып, сол жаққа көшіп барады. Жаңа орында әйелдің мансабы жоғары өрлегенмен, Томның алдынан тек сәтсіздіктер шығады. Міне, тойдың күні жақындап қалды, бірақ тағдырдың оларға басқа жоспары бар...

А. Жапатова