Келіншегіңізді сүйесіз бе?

Келіншегіңізді сүйесіз бе?
Фото: pixabay.com

Бұл тест-сауалнамаға жауап берсеңіз, бар шындыққа көзіңіз жетеді. Уақыт өте келе адамдардың бір-біріне деген сезімі суына бастауы мүмкін. Осындай жағдайда тесттен өтіп алудың да артықтығы жоқ. Біз қойған сұрақтарға барынша шынайы жауап беріңіз, өзіңіз де шындықпен бетпе-бет келесіз. Тек сұрақтарға берген жауабыңызды әйеліңіз көріп қоймасын.

1. Ұйқыдан тұрғанда әйеліңізге не айтасыз?
• Қайырлы таң! – 1 ұпай
• Жағдайың жақсы ма? – 2 ұпай
• Тез тұрып тамақ дайында! – 3 ұпай.

2. Жұмысқа кетерде онымен қалай қоштасасыз?
• Қатты құшақтаймын! – 1 ұпай
• Сүйемін! – 2 ұпай
• Достар секілді алақанын оғамын. – 3,5 ұпай

3. Жалақыңыз түскен кезде не істейсіз?
• Жарыма жартысын беремін. – 1,5 ұпай
• Толықтай қолына ұстатамын. – 2,7 ұпай
• Толықтай әйеліме беремін де, оның жалақысымен қосып қайтып аламын. – 7 ұпай

4. Үйге күндегіден ертерек келіп қалдыңыз делік, бейтаныс еркектің қонаққа келгенін көрсеңіз...
• Ер адамды өлтіремін! – 0,5 ұпай
• Әйелімді өлтіремін! – 0,7 ұпай
• Кім екенін сұрап, танысамын. – 16 ұпай

5. Жұбайыңыз екеуіңіз бос уақытта не істейсіздер?
• Теледидар қараймыз – минус 2 ұпай
• Киноға барамыз – 2 ұпай
• Ақша санаймыз – қанша ақша шықса, сонша ұпай

6. Өзін сүйетініңізді келіншегіңізге қаншалықты жиі айтасыз?
• Жылына бір рет – 1 ұпай
• Айына екі рет – 2 ұпай
• Тамақ ішкен сайын күніне үш рет – салмағыңыз қанша болса, сонша ұпай

7. Өмірдегі маңызды мәселелер жөнінде жұбайыңызбен ақылдасысасыз ба?
• Үй салуды ақылдасамын – үйдің бағасы қанша болса, сонша ұпай
• Көлік алу жөнінде кеңесемін – армандаған көңіліңіздің нөмірі
• Қай футбол командасы жеңетіні туралы сөйлесеміз – теледидардың бағасы қанша болса, сонша ұпай

8. Үй шаруасын жасауда әйеліңізге көмектесесіз бе?
• Иә – үйіңіздің метрі
• Көмектеспеймін – диваныңыздың өлшемі
• Білмеймін, көмектесіп көрмеппін – үйленгеніңізге неше жыл болса, сонша ұпай

9. Оның сүйікті әдеби кейіпкерін білесіз бе?
• Тасқын – «Қарғын» романы қанша бет болса, сонша ұпай
• Ербол – «Махаббат қызық мол жылдар» романының бет саны
• Нұржан – «Қар қызы» романы неше бет болса, сонша ұпай

10. Ұйықтар алдындағы ойыңыз?
• Өз әйеліңіз – әйеліңіздің жасы нешеде болса, сонша ұпай
• Өзге әйелді – сол әйелдің жасы
• Жөндеу жұмыстары – жөндеуге қанша ақша кетсе, сонша ұпай

Тест аяқталды. Енді барлық жинаған ұпайыңызды есептеп, оған жарыңыздың бойы неше сантиметр екенін қосыңыз және аяқ киімінің өлшемін қосып, неше балаңыз бар болса, сонша санға бөліңіз. Шыққан саннан телефон нөміріңіздің соңғы цифрын алып тастаңыз. Енді осы санды есте сақтап алыңыз да, ешкімге айтпаңыз, себебі оның ешқандай да мәні жоқ. Егер біз уәде еткен тесттің жауабы туралы білгіңіз келсе, ендеше оқыңыз.

Жауабы:

Егер барлығын біз айтқандай жасап шықсаңыз, кешіріп қойыңыз, сіз келіншегіңізді сүймейсіз. Себебі өз сезіміңізге сенімсіз екеніңіз соншалық, ол туралы сырттан іздеуге көшкенсіз. Ал егер шын сүйетін болсаңыз, оған ешқандай тесттен өтпей-ақ сенімді болар едіңіз.

@. @assel_assanova