Тауға шығу – таптырмас тынығу

Тауға шығу – таптырмас тынығу
Фото: massaget.kz, vesti.kz

Жаз мезгілінде тынығудың, аптап ыстықтан алшақтау жүрудің жолдарын іздейміз. Табиғаты тамаша аймақтар мен ауа райы салқын мекендерге саяхат жасауды жоспарлаймыз. Одан қала берді суға түсіп, сергіп қайтуға асығамыз. Ал тауға шығу жайында ойланып көрген кезіңіз болды ма?

Тауға шығып, саф таза ауамен тыныстап, биік шыңнан айналаңа бір көз тастаудың өзі бір бақыт емес пе? Әсіресе, Алатау бөктеріндегі Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін бұл бақытты сезінудің зор мүмкіндігі бар. Себебі алмалы шаһарда тауға шығу үшін арнайы іс-шаралар жиі өтеді. Жыл сайын Альпиниада ұйымдастырылады. Соның бірі - Нұрсұлтан шыңын бағындыру.

Альпиниада – тауға шығатын жандардың Олимпиадасы

Биыл ұйымдастырылған альпиниадаға 5000-нан астам адам қатысты. Оның ішінде Еуропа мен Азия елдерінен келген қонақтар да бар.

"Нұрсұлтан шыңы" Іле Алатауының Тянь-Шань жотасының солтүстік беткейінде жатыр.  4376 метр биіктікте орналасқан.

Биыл тауға көтерілу үшін альпинистер таңғы сағат 3-4-тен бастап жолға аттанды. Альпиниада жолына жас пен жасамыс та, кәсіби альпинист пен әуесқой спортшылар да шықты. Арасында талай жылдан бері үзбей келіп жүргендері де бар. Алғаш рет биік шыңды бағындырғысы келгендер де кездесті. Ал бірнеше рет шығып, тәжірибе жинағандар бұл жолы дайындалып-ақ келген. Солардың бірі – "Effective Media Liaison" (tengrinews.kz, vesti.kz және massaget.kz) директоры Сұңқар Қарабалин.

Тау өзіне тартып тұрады

- Өзге жаққа шыға қалсаң, Алматының тауын сағынасың. Теңіз жағасындағы қалаларға барсаң, суына бір сүңгіп шығуға асығасың, әрі қызығасың. Осында тұрсам күніге түсер ме едім деп ойлайсың. Олар да күнде түсе бермейтіні рас. Сол сияқты біз де тау жақын болса да күнде шыға бермейміз.

Ең алғаш 2001 жылы биік тауға шығып көрдім. Одан кейін кішігірім таудың сілемдеріне барып жүрдім. Серуендеп шықтым, қонақтарды қыдыртып бардым, бірақ арнайы барудың сәті көп түспеді. Дегенмен алғаш барғанда биігіне дейін жете алмағандықтан, бір шығуды алдағы мақсат ретінде жоспарладым.

Альпиниада жайлы естіп жатсам, қолым босап жатса, қатысуға асығамын. Тау өзіне тартып тұрады. 2017 жылы тағы бір рет осы шыңның биігін бағындырсам деп бардым. Бірақ ауа райына байланысты ең биігіне шығу жолы ерте жабылып қалды, - дейді.

Ең биігін бағындыруға бел будым

"Ер кезегі үшке дейін" демекші, биыл Сұңқар Болатұлы үшінші рет Нұрсұлтан шыңын бетке алды. Жоспар да өзгеше: ертерек тауды бетке алып, сонда түнеу, таң ата биік шыңға көтерілу.

- Сағат 17:30 шамасында Талғар асуы (3200 м) арқылы жолымызды бастадық. Сағат 8-ден асқанда жаңбыр жауа бастады. Киім су болмас үшін, шатырымызды тіктік. Бізден озып кеткендер де болды. Тамағымызды дайындап, тынығуға тоқтадық. Жолсеріктермен танысып, әңгіме-дүкен құрдық. Ән салғандары да бар. Таудың салқынын көңілдің ыстық ықыласы жылытқандай болды. 6 адам болып топ құрдық. Бірақ арасынан ең биік шыңына Испаниядан келген Андреас Уэска екеуміз шығатын болдық. Өзгелер түрлі себептермен ары қарай сапарларын созған жоқ. Бір шетінен олардың ақылмен шешім қабылдағандары да жөн болды. Себебі, тау қатені кешірмейді, еркелікті көтермейді, - дейді.

Нұрсұлтан шыңына шығу үшін Испаниядан келген

Алатаудың биігін бағындыру үшін алыс-жақын шетелдерден келетін кәсіпқой немесе әуесқой альпинистер аз емес. Қаланы құшағына алып жатқан алып таулардың түр-тұлғасы кім-кімді болсын қызықтырары хақ. Сұңқар Қарабалинмен жолсерік болған Андреас Нұрсұлтан шыңын бағындыру үшін Испаниядан келіпті. Мақсаты – ең биігіне көтерілу.

Жарты сағат бұрын ғана қаладан шыққан едім. Аспалы жол арқылы таудан бір-ақ шықтым. Бұл жер өте әдемі екен. Алматыға келудегі бір мақсатым, осы Альпиниадаға қатысу болатын. Осында күтіп алған танысым денсаулығына байланысты шыға алған жоқ. Мен алған бетімнен қайтқан жоқпын. Жалғыз болса да шығуға бел будым. Жақсы жолсеріктермен жолықтым. Олар маған көп көмектесті. Тіпті испан тілінде ән де айтып берді. Естен кетпес сезім, – деді Уэска Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында.

Тауға шыққанда Испаниядан келген туриспен танысам деп кім ойлаған? Тіпті екеуміз бір шатырға қондық. Себебі өзгелерді мазаламай, ерте тауға шығуды жоспарладық, – дейді Сұңқар Болатұлы.

Шыңға шығу үшін кезек күтесің

Нұрсұлтанның биігіне шығатын жол біреу ғана. Арнайы кендір арқандар көмегімен жоғары өрмелейтін тұсы бар. Осы жерге келгенде көпшілік кезек күтеді. Кейбірі қаймығып, осы шыққаным да жетер деп кері қайтады.

Түнде лагерьде қалатындар біраз уақыт ән айтып, әңгіме-дүкен құрып отырды. Ал біз ертерек шығу үшін тынығып алмақ болдық. Бірақ түнгі сағат 2-ден аса тауға шығып бара жатқандардың дауысын естіп жаттым. 3-тен аса Андреас екеуміз де тауды бетке алдық. Заттарымыздың біразын лагерьде қалдырдық. Жолдың бәрі тас, әрі мұз. Оның үстіне қараңғы болғандықтан, жылдам жүру мүмкін емес. Сағат 5-30-да межелі жерге де жеттік. Ұйымдастырушылардың тізіміне тіркелдік. Олар кей құрал-жабдықтарды (каска, арқан, т.б.) дайындап та қойған екен. Бізде бәрі болды.

Шыңына шығу үшін кезек күтесің. Біз сағат 9-ға дейін бір орында тұрдық. Ең биік шыңына шыққанда 133-ші болып тіркелдім. Ал түскен кезде әлі 50-60 адам кезек күтіп тұрғанын байқадым. Осы кезде ауа райы да бұзылып, шығу тоқтатылғанын естідім. Абырой болып, биыл үлгердім, - дейді.

Тауға шығу дайындықтан басталады

Адам бір істі бастар кезде алдын ала жоспар құрып, арнайы дайындалады. Тауға шығар алдында да дайындық керек. Алдымен түрлі жаттығулар жасап, өзіңнің физикалық күшіңді сынап көргеннің кемшілігі болмайды. Сондай-ақ, психологиялық дайындық та қажет. Шыдамды, сабырлы болу маңызды. Одан кейін барып керек-жарағыңды дайындайсың.  

Биылғы Альпиниадаға қатысушылар көп болды. Арасында алғаш рет тауға шыққандарды да жолықтырдым. Арнайы топ болып дайындалып келгендер де бар. Бірінші рет шыққандар таудағы ауа райын ескере бермейді. Жеңіл киінгендері де болды. Ал таудағы ауа райы бөлек, қаладағы ауа райы бөлек. Тау басында ауа райы мың құбылып тұрады. Басы – қыс, бауыры – жаз.

Тауға жалғыз шықпау керек. Алғаш рет болса, тіпті мұндай шешім қабылдауға болмайды. Осындай Альпиниадаға қатысып, тәжірибе жинаған абзал. Себебі мұнда жол көрсететін адамдар болады, әрі арнайы жалаушалар арқылы бағыт көрсетіліп тұрады, - дейді Сұңқар Болатұлы.

Тауға шыққаннан түскен қиын

Сіз үшін тауға шыққан қиын ба, әлде түскен қиын ба? - деп те сұрап қалдық. Сұңқар Болатұлы үшін тауға шыққаннан түскен қиындау екен. Оның себебі де бар.

Испаниядан келген азамат екеуміз Нұрсұлтан шыңына шығып, бірге кері қайтатын болдық. Ол қайтар жол оңай болады ғой, азырақ уақыт кетеді деп айтып қалды. Бірақ қайтар жолға да сонша уақыт кететінін айттым. Себебі шығар кезде мақсатымыз болды, талпындық. Жетеміз деп ештеңеге мән берген жоқпыз. Бойымызда күш-қуат болды. Ал қайтарда шыңға шыққаннан кейін босаңсып қаласың. Ауа райы ысып кетуі де мүмкін. Сондықтан қайтар жол қиындау болуы мүмкін. Не де болса босаңсымау керек, – деп жауап қайырды.

Тауға не ала бару керек?

Осы орайда тауға шығатындар мен биігін бағындыруды жоспарлап жүргендер үшін қажет болатын заттар тізімін ұсына кетуді жөн санап отырмыз.

Керек киім-кешектер

♦ Табаны қатты ыңғайлы аяқкиім;
♦ Аяқ қажалмас үшін қалыңдау шұлық (ауыстыратынын да салып алыңыз);
♦ Жаңбырға арналған киім;
♦ Спорттық шалбар немесе шолақ шалбар;
♦ Ауыстыратын жеңіл жейде (терлегенде керек болады);
♦ Жылы жемпір (қыста жылы күртеше киіңіз);
♦ Бас киім;
♦ Қолғап;
♦ Мойынорағыш;
♦ Күннен қорғайтын көзілдірік;
♦ Арнайы таяқтар (қажет деп тапсаңыз).

Тауға шыққан соң суретке түсірудің де өз рахаты бар. Ол үшін ауырлық етпейді десеңіз, арнайы фотоаппарат алған жөн. Суретті сапалы түсіретін смартфоныңыз болса, онда тіпті жақсы. Ал оны қуаттайтын қосымша аккумулятор алуды ұмытпаңыз.

Тағы да қажет болуы мүмкін:

♦ Күннен қорғайтын крем;
♦ Медициналық жапсырма;
♦ Кенеден қорғайтын спрей;
♦ Бас ауырғанда ішетін дәрілер.

Ішіп-жеуге не алу керек?

♦ Ауызсу;
♦ Термостағы шәй немесе кофе;
♦ Ірімшік, шұжықтан жасалған бутерброд;
♦ Жеміс-жидек;
♦ Шоколад;
♦ Қайнатылған картоп, жұмыртқа.

Тауда адасып қалсаңыз...

Тауға шығар алдында керек заттың барлығын алғаныңызға көз жеткізіңіз. Қалташам, қағаз карта, шағын каремат немесе төсек қап, жаздыгүні шықсаңыз да жылы киім, пышақ, сіріңке сияқты төтенше жағдайда керек болатын заттың барлығы сөмкеде болғаны дұрыс.

Сонымен сіз жолыңызды жоспарлап, сөмкеңізге керек-жарақтың бәрін салып, жолыңыздың көшірмесін жақындарыңызға қалдырып, достарыңызбен тауға шықтыңыз. Бірақ күтпеген жерден адасып кеттіңіздер немесе достарыңызды таппай қалдыңыз делік. Не істеу керек?

1. Қорқынышқа бой алдырмаңыз

Адамдар әдетте кешқұрымда адасады. Түн жақындаған сайын үрей көбейе береді. Мұндайда дүрлігіп қорқа беруге болмайды. Адасып кеткеніңізді ертерек сезінсеңіз, нақты іске көше бастайсыз. Азық, суды үнемдеп, салқынқанды боласыз. Тау ішінде мобильді байланыс болмайды. Десе де ауық-ауық әлсіз болса да байланыс пайда болуы мүмкін. Ең бірінші 109 нөміріне хабарласып, өзіңіз білетін барлық ақпаратты айтыңыз.

2. Ашық жерге шығыңыз

Сіздің жоғалып кеткеніңізді білетін адамыңыз болса, құтқару қызметіне хабарласып, іздеу жұмыстары басталатынына сеніңіз. Сондықтан ашық жерге шығып, күтіңіз. Бұл ағаш арасында, жоталардың қуысында жүргеннен жақсы. Құтқарушылардың тауып алу ықтималдығы артады.

3. Ұйықтамаңыз

Адасып болдырған адамның ұйықтап кетуі қиын емес. Қалың ұйқыға берілген адам құтқарушылардың дауысын естімей қалуы әбден мүмкін. Сондықтан түнгі уақытта от жағып, барынша сергек болу керек.

Тау ауруы дегеніміз не?

Тауда 3500 метр биіктіктен кейін оттегі аздау болады. Сондықтан адам денсаулығына әсерін тигізуі мүмкін. Мұны "биіктік ауруы" немесе "тау ауруы" деп атап жатады. Оның белгілері: әлсіздік, босаңсу, жүрек қағысының жиілеуі, мең-зең болу, ұйқысыздық, тәбет тартпау, демігу, лоқсу, құсу және т.б. Әдетте ағзаның жаңа жағдайға бейімделуіне 3-4 күн кетеді. Егер бұл ауру белгілері байқалса, онда одан ары биікке шығуды тоқтатқан жөн.

Оттегі жетіспеушілігіне төзбеу, III-IV атқарымдық санаттағы стенокардия, 3 дәрежелі гипертония ауруы, созылмалы бүйрек ауруы, соматикалық сырқаттардың ауыр кезеңдері (миокард инфаркты, ми қан айналымының ауыр түрде бүлінуі, гипертониялық күрт асқыну, бронх демікпесі және т.б.), жүрек-қан тамырларының аурулары, өкпе аурулары, созылмалы қабыну үдерістерінің қозған кезеңдері, асқынған жұқпалы аурулары бар жандардың тауға шықпағаны жөн.

Жүкті әйелдер теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікке дейін шыдай алса да, тауға шығудың қажеті жоқ. Өйткені, шамадан тыс денеге түсетін ауырлық денсаулыққа кері әсерін тигізуі бек мүмкін.

Тауға шығу - еш шығынсыз демалу

Таза ауада тыныстап, табиғат құшағында тынығу - жанға шипа. Тауға шығу үшін көп шығын да қажет емес. Демалыста ойын-сауық орталықтарына ақша жұмсағанша, тауға барып демалып қайтуға болады. Бастысы - өзіңе деген сенім.

"Тауға шыққан соң шаршайсың, қайдағы тыныққан" деген ой сізді билеп алуы мүмкін. Бірақ шаршап шалдыққаннан бұрын, тауға шықсаңыз жан-дүниеңіз тынығып қайтады. "Мен таулықпын" деп тау-тасты жаңғырта өлең оқып, "Тау ішінде", "Қараңғы түнде тау қалқып" деп ән шырқап қайтсаңыз, тіпті керемет емес пе?!

Ө. Сансызбай