Әлемдегі ені ең қысқа үй не үшін салынғанын білесіз бе?

Әлемдегі ені ең қысқа үй не үшін салынғанын білесіз бе?
Фото: .boredpanda.com

ХХ ғасырда технология мен ақпараттың дамуының арқасында қаладағы ғимараттар биік етіп салынды. Қалаға адамдардың ағылып келуінен жер жетіспеушілігі де сезіле бастады. Бірақ әлемдегі ені ең қысқа үй басқа себеппен құрылған. 

Ливан астанасы Бейрутдағы Al Ba'sa атты үй теңіз жағалауындағы алақандай жерде бой көтерген. Бұл ғимараттың ұзындығы 4 метр де, ені 60 сантиметр ғана. Мұндай ерекше үйді інісі ағасына қасарысып, әдейі салған. 

Аға мен іні ортасындағы кикілжің 1950-жылдары басталған. Олардың әкесі өлімінен соң теңіз жағалауындағы шағын жерді ұлдары мен қыздарына мұра етіп қалдырған. Перзенттері бұл жерде “не салу керек?” деген сұрақ айналасында бас қатырып, бір шешімге келе алмаған. Жағдай жердің бір бөлігін үкімет қала қажеттілігі үшін алып қойғаннан соң тіпті қиындаған. 

Үкімет кенже ұлға тиесілі жердің бір бөлігін алып қойған. Ал ағасы өз жеріне үй салып алған. Бұған ренжіген інісі өзіне тиесілі алақандай жерге, ағасына қырсығып көп қабатты үй тұрғызған. Бұл ғимарат қабырғалары үлкен ұлдың үйінен биік болғандықтан, теңіз көрінісін жауып тастаған. Нәтижесінде ағасының үйі бірден арзандап кеткен. 

Уақыт өте Al Ba'sa-да басқа отбасы тұрған. Кейін үй қаңырап бос қалған. Соғыс кезінде ол жерге босқындар тығылған. Отбасы араздығының символына айналған ғимарат әлі де бұзылмай тұр. Үкіметтің айтуынша, оны бұзып орнына басқа бірдеңе салу тиімсіз.

Т. Раушанұлы