Қартайғанда құлақ естімей қалмас үшін...

Қартайғанда құлақ естімей қалмас үшін...
Фото: ensembleconnectes.fr

Қарттықтың бір белгісі – құлақта. Жас келе адамның есту қабілеті нашарлай бастайды. Бұл – табиғи заңдылық па, әлде дұрыс күтім болмай денсаулыққа немқұрайлы қарағаннан ба?

Құлақ ауруына құлықсыз қарауға болмайды. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған бойда және есту нашарлай бастаса міндетті түрде дәрігерге тексерілген дұрыс.

Жуырда америкалық ғалымдар 20 жылға созылған тәжірибе жұмыстарының қорытындысын шығарды. Олар жас келе адамның есту қабілеті неліктен нашарлайтынын анықтағысы келген. Нәтижесінде барлығы дұрысы тамақтануға байланысты болып шыққан.

Саламатты өмір салтын ұстанып, күнделікті тамақтануды жөнге қойған жандардың құлағы көп ауыра қоймайды екен. Қартайғанда да есту қабілеті қатты нашарламайды. Америкалық ғалымдар өз тәжірибелерін тек әйелдерге жүргізген. Зерттеу қорытындысын American Journal of Epidemiology басылымына жариялады.

Құлақ саулығы үшін үш түрлі диета маңызды саналған. Соның бірі – DASH. Бұл диета қан қысымы жоғары адамдарға арналған. Майы аз ет, жеміс-жидек пен түрлі дәнектер жеу керек. Тәттіні аптасына бес реттен көп жеуге болмайды. Газдалған және спирттік ішімдіктерді ішуге мүлде болмайды. Күніне аз-аздан көбірек тамақтану қажет.

Тағы бір пайдалы диета түрі – Жерорта теңізі халықтары диетасы. Бұл диетаның ұзақтығы бойынша қатаң шектеулер жоқ. Мұндай тамақтану жүйесін өмір бойы ұстануға болады. Себебі бұл диета өмір ұзақтығын жақсартады, артық салмақтан арылтады және көптеген аурулардың алдын алады. Бұл диетаны жүкті әйелдер мен балаларға да ұстауға болады.

Үшінші пайдалы диета түрі AHEI-2010 деп аталады. Мұны ұстайтын адамдар дәнді дақылдар, көкөніс және түрлі жаңғақтарды тұтыну керек.

Көп адамдардың есту қабілеті 50-60 жасында нашарлайды екен. Ал зерттеушілер бұл жас аралығында құлақтың естімеуін ерте деп санайды. Егер күтім мен емі уақытылы болса, бұл жаста сізді құлағыңыз мазаламауы керек.

- Адам өзінің есту қабілеті нашарлай бастағанын бірден сезбейді. Шарықтау шегіне жақындап қалғанда ғана алаңдай бастайды, - дейді зерттеушілер.

Дені саудың – жаны сау. Адам қай жері ауырса, жаны сол жерде. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн.

Есту мүшесі ең маңызды ағза екенін ұмытпаңыз, оқырман! 

Н. Үсенова