Күзде медициналық сақтандыруды сынақтан өткізу басталады

Күзде медициналық сақтандыруды сынақтан өткізу басталады
Фото: freepik.com

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауында "Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет" деп атап өткен болатын. "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асып жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде  пилотты режимде іске қосылады.

Бірінші болып екі пакеттегі бөлек медициналық қызметтер мен медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтанушының мәртебесін анықтау осы күзде Қарағанды облысында сынақтан өтеді.

- Бүгінде жұмыс барысында кездесуі мүмкін деген кедергілерді анықтау үшін, сондай-ақ нормативті-құқықтық базаны реттеу мен қажет болса жыл соңына дейін өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті МӘМС департаментінің директоры Азамат Өміртаев.

Пилотты жобаны іске қосу барысында нормативті-құқықты базаны жетілдіру, кепілдендірілген міндетті тегін медициналық көмектің көлемі моделін қаржымен қамтамасыз ету және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті, медициналық көмекті төлеу механизмі секілді сұрақтар қаралды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу үшін Қарағанды облысында сатып алуды бақылап, басқаратын, медициналық қызметті төлейтін, ақпараттық жүйенің жұмысын қадағалайтын, қажет болса нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша жұмыс істейтін Жобалық кеңсе құрылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды сынақтан өткізу қанша қаржыны талап етеді?

- Пилотты жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,3 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті медициналық сақтандыру Қоры.

Қаржының негізгі бөлігі еңбекке қабілетті халықты кәсіби тексеруге жұмсалады. Бұған 1,8 миллиард теңге бөлінген. Ал 175 мыңнан астам адам асқазан-ішек аурулары, вирусты гепатит, несеп-жыныс жүйесі, қалқанша без, қант диабеті және қуықасты без рагын ертерек анықтау үшін медициналық тексерістен өтеді. Сондай-ақ әйелдер жыныстық жолмен берілетін инфекция мен қан ауруларына скринингтен жасатады.

Инсульт, инфаркт, ауыр жарақат алған немесе күрделі операция жасатқан адамдарға көрсетілетін оңалту көмегін кеңейту үшін 450 миллион теңге бөлінеді. Қазіргі таңда мұндай көмекке Қарағанды облысының 3,4 мың тұрғыны мұқтаж.

Жалпы алғанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды сынақтан өткізу үшін 2020 жылды қоса алғанда 1,5 триллион теңге жұмсалады. Оның ішінде 967 миллиарды кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемімен қамтамасыз етуге және 580 миллиард теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бөлінген. Салыстырмалы түрде, 2019 жылы халыққа медициналық көмекті сатып алудың жалпы сомасы 1,025 триллион теңгені құраған.

Сынақтың нәтижесі 2019 жылдың желтоқсан айында шығады. Ал денсаулық сақтау министрлігі ай сайын аралық қорытындына ел назарына ұсынбақ.

А. Рысдәулет