Асығыс шешімім үшін өкінемін...

Асығыс шешімім үшін өкінемін...

Жігітіммен жүргеніме көп уақыт болған жоқ, бар-жоғы 4 ай жүріп, жасымыз келіп қалған соң, үйленеміз деп шештік. Танысқанымызға да көп болған жоқ, десе де ол барлық жағынан маған қатты ұнады. 4 ай жүрсек те, 4 жыл жүргендей болып, бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Шынымды айтсам, қатты қуандым. Өйткені ол мені өзінің әке-шешесімен, бауырларымен таныстырған еді. Өте өнегелі, үлгілі отбасы болып көрінді. Отбасымен жеке кәсіпкерлер екен, шағын бизнестері бар. Үйге қуанышым қойныма сыймай келді. Өйткені үнемі "өнегелі отбасына келін болып түссем екен" деп армандайтын едім. Өзім қарапайым отбасынан шыққанмын, әке-шешем - қарапайым шаруа адамдары. 

Аяқ астынан той жасап, келін болып түстім. Бастапқы айлар өте керемет өтті. Сүйіктім екеуміздің арамыз күн өткен сайын жақындай берді. Бір минутқа далаға шығып кетсе, сағынып, келгенше асыға күтіп отырам. Үйге кіріп келгенде, алдынан жүгіріп шығып, құшақтағым келіп, ата-енемнен ұялғанымнан өзімді әрең ұстаймын. Сондай керемет, бақытты күндерім өтіп жатты. 

Бақыттан басым айналып жүріп байқамаған сияқтымын, келе-келе үйдің ішінде бір нәрсе дұрыс емес екенін сездім. Атмосферасы ауыр. Бірақ маған ешкім ештеңе айтпайды.

Бір күні шыдамым шегіне жетіп, күйеуіме сұрақты төтесінен қойдым. Күйеуім болса, "бәрін айтып берем, тек жылама, аяғына дейін тыңда", - деді. Сөйтіп, өзінің бұрын да үйленіп, ажырасқанын, бірінші әйелінен бір баласы бар екенін айтып берді. Бала қазір 2 жаста. Бұрынғы әйелі қатты ауырып, төсек тартып жатыр екен. Ал кішкентай баласының баратын жері жоқ...

Төбемнен жай түскендей болды. Қатты қиналдым, жүрегім ауырып, үйді басыма көтеріп жыладым. "Тағдырымды ойрандадың!" деп күйеуіме ауыр сөздер айтудан да тартынбадым. Ата-енем жүгіріп келді, енем "сабыр ет" деп, мені екінші бөлмеге алып кетпек болды. Енемнің мені ұстап тұрған қолын қағып жібердім. Әрине, өте қатты қиналдым. "Маған неге бұрын айтпаған? Мен оған ойыншықпын ба? Менің тағдырым оған ойыншық па?" деген сұрақтар миымды жаулап алды. Бәрін тастап, төркініме кетпек болып, жиналдым. Күйеуім алдыма отырып, жылады. Шын сүйетінін, менсіз өмір сүре алмайтынын айтты. "Менен бір қателік кетті, қателік кетті екен деп бақытты өмір сүруге құқығым жоқ па? Бұрын айтайын десем, кетіп қаласың ба деп қорықтым",- деп жылады. Мен ойланатынымды айттым. Анаммен ақылдасатынымды айттым.

Әрине бұл шындықты естігенде анам менен қатты қиналды. Ойлана келе, "бәріне шыда, кіммен қарайсаң, сонымен ағар", - деп тоқтамын айтты. 

Анамның сөзінен асып қайда барам? Көндім, шыдадым, қалдым. 

Қазір күйеуімнің баласы біздің үйде тұрып жатыр. Бұрынғы әйелі әлі төсек тартып жатыр екен, дәрігерлер "адам болмайды" депті. Мен баласына ешқашан өз баламдай қарай алмаймын, періштенің еш кінәсі жоқ болса да, ұнатпаймын! Бірақ ешқашан ұрып, дауыс көтерген емеспін. Балаға қарамаймын, болды. Баланы енем бағады. 

Баланың бізге келгеніне 3 айдай уақыт болды. Күйеуіме деген сый-құрметім де ортайды. Шынымды айтсам, қазір тек қана балалы болып, жаңа жаңа өмір бастауды ойлап жүрмін. Кезінде асығыстық жасап, тұрмысқа шығыппын. Ойлап отырсам, қалтамда жоғары оқу орнының қызыл дипломы бар, сұңғақ бойлы, тартымды қыз едім. Енді кім болдым? 

Мен - әйелмін! Толық бақытты болуға лайық әйелмін! Бақытыма ешкім ортақтаспауы керек! Өкінем қатты. Өмірім қайтып келсе, сезімнің жетегінде кетпес едім. Баланы көрген сайын көңіл-күйім түседі. Не істерімді, өзімді қалай қолға аларымды білмеймін... "Сериалдардағы оқиға өмірде неге қайталанбайды екен?!" деп армандайтын едім, сол "арманым" орындалып отыр. Адам ойды да байқап ойламаса, кез келген ой күндердің бір күнінде шындыққа айналып шыға келеді екен.

Ақыл қосыңыздаршы! Жынданатын болдым. 

Автор: Құпия қыз

Сурет: uamodna.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова