Өмірде қажет болатын бірнеше кеңес

Өмірде қажет болатын бірнеше кеңес
Фото: massaget.kz

Бақытты болу – біздің өмірлік мақсатымыз. Бірақ кейде өмір ашық түсті бояуларын жоғалтып, нашар көңіл күй ұзаққа созылып кетеді. Мазасыз ойлар тыным бермейді. Мұңаймаңыз, біз сіздерге өмір сүруді жеңілдететін 6 кеңес ұсынамыз. Оларға күнде 5-10 минут уақытыңызды бөлу жеткілікті.

2 минуттық істі кейінге қалдырмаңыз

Аяқталмаған шаруалар біздің энергиямызды "сорып" алады. Бір қарағанда аяқталмаған ұсақ-түйек істер аса бір проблема еместей көрінеді. Бірақ олай емес. Жуылмаған ыдыс, жиналмаған төсек, аяқталмаған жөндеу жұмыстары – бұлардың барлығы жиналып, өміріңізді ретсіз етеді. Тұрмыстық мәселелер біртіндеп кеңсе жұмысына көшеді. Нәтижесінде, оқылмаған хаттарға толы пошта, басып шығарылмаған құжаттар және т.б сұрақтар жауапсыз жинала береді. Бұл жұмысқа қабілеттілігіңізді түсіреді.

Қорытынды: "2 минут" ережесінің арқасында қазіргі кезеңді өз жақтасыңызға айналдырасыз.

Бақылауда ұстай алмайтын нәрселерге көңіл бөлмеңіз

Біз нені бақылай алмаймыз? Адамдар ауа райы, басқалардың пікірі, ғаламдық экономикалық дағдарыс (немесе прогресс) және өмір темпінің өзгерісін бақылауда ұстай алмайды. Бірақ негативті қарым-қатынас пен орынсыз пікірге деген өз реакцияңызды және өз кірісіңізді, шығыныңызды, әлеуметтік желіге немесе кітап оқуға кететін уақытыңызды, калория мөлшері мен қадамдар санын бақылауда ұстап, реттей аласыз.

Қорытынды: Барлығын бақылауда ұстау мүмкін емес. Олай қиналғанша, өмірдегі кей заттарды қалай бар солай жақсы көруге тырысыңыз.

Табыс пен сәтсіздік туралы оқиғаларды оқыңыз

Қызыл кілемнен жүріп өткен актерлер мен актрисаларды немесе Нобель сыйлығы лауреаттарын көргенде олар осындай сенімді әрі табысты болып туылғандай көрінеді. Бірақ олардың сұхбаттарын тыңдасаңыздар, олардың қандай қиын жолдан өткенін білуге болады. Жетістікке жету үшін оқу керек, еңбек ету қажет және тәуекелге бара білу керек. Біреудің оқиғалары туралы кітаптарды оқу арқылы көптеген пайдалы нәрселер алуға болады. Мысалы: адамдармен араласу немесе бизнес жүргізу шеберлігін білу.

Қорытынды: Тек жаман нәрсені көруге немесе негативті сәттерді мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Барлық нәрседе тепе-теңдік керек. Әр істе "не дұрыс" және "не дұрыс емес" деп өзіңізге сұрақ қойып, қорытынды шығару керек.

Басқалар үшін ойлап, шешім шығармаңыз

Мысалы, көшеде келе жатқанда біреу сізге "біртүрлі" қарады. Алдымен "ол мені онша емес киініп алған деп ойлады" дейсіз, содан соң "өзіңе қарап ал, қазір мұндай пальто сәнде емес" деп күйгелектенесіз. Яғни, өз-өзіңіздің көңіл күйіңізді түсіресіз.

Қорытынды: Таныс емес адамның сізде шаруасы жоқ, оның өз проблемалары жетеді. Сондықтан танымайтын адамның "біртүрлі" көзқарасына бола көңіл күйіңізді түсірудің қажеті жоқ.

Өміріңізді ашуды басуға жұмсамаңыз

1 минуттық ашудың өзі иммунитет деңгейін 1 сағатқа әлсіретеді. Ашу күнделікті өмірге қажет сезім. Тек оны дұрыс жаққа жібере білу маңызды. Егер ашуды ренішке, кінәға, агрессияға немесе ішкі уайымға пайдалансақ, бұл сезім талқандаушы күшке айналады. Одан ұрыс-керіс немесе депрессия пайда болады. Ашуды позитивті бағытта қолдануға болады. Мысалы, оның энергиясын қандай да бір жағдайды шешуге пайдаланыңыз. Мұндай кезде ашуды спорттық немесе құмарлық сезім деп атауға болады.

Қорытынды: Ашу – бейтарап сезім, оны қандай бағытқа аударсаңыз, ол сондай түске боялады.

Алғыс тізімін жасаңыз

Қазір ата-ана мен бала қатынасы ашық айтылады. Ата-ананың балаға өз уақытында махаббатын көрсете алмауы оның болашағына қалай әсер ететіні, бала реніштері қалай пайда болатыны секілді сұрақтар жиі қарастырылады. Кей адамдар өз сәтсіздіктерін ата-анасының тәрбиесінен көріп жатады. Отбасылық қатынастар туралы оқып-білгеніңізді қазіргі немесе болашақ отбасыңызға қолданыңыз, бірақ әр проблемаңызды ата-анаңыздың тәрбиесінен көрмей, оларға тек алғыс айтуды ойлаңыз.

Жалпы алғыс тізімін жасауды қолға алыңыз. Ол үшін бір парақты немесе дәптерді күнде өзіңізбен бірге ұстап жүріңіз. Ойыңызға түскенін бірден жазып қойыңыз. Кімге және не үшін алғыс айтар едіңіз?

Қорытынды: Күнде "рахмет" сөзін айтуға тырысыңыз. Ол сізге де, басқаға да бақыт сезімін сыйлайды.

А. Жапатова