Ит тұқымдары: Ағылшын мастиф

 Ит тұқымдары: Ағылшын мастиф
Фото: look3.ru

Еуропада кеңінен таралған ит тұқымдарының бірі – ағылшын мастиф. Нағыз ержүрек жануар жұмсақ мінезі, ақылдылығы, қожайынына сенімділігімен әлі күнге дейін сүйкімін жоғалтпаған. Қанша момын дегенмен де иттің аты – ит, егер қожайынына немесе өзіне қауіп төнгенде, барын салып қорғай алады. Бір сөзбен айтқанда бөтен адамды өзінің жақындарына үйіне оңайлықпен кіргізбейді. Тек, барлық мән-жайға көз жеткізіп иесінің нұсқауымен ғана тынышталады. Бойының ұзындығы 70-80 см болатын иттің салмағы да 80-90 келіге дейін жетеді. Спорт тілімен айтқанда, дене бітімі жақсы қалыптасқан мастиф.

Бүгінгі таңда әлемдегі ең үлкен ит осы ағылшын мастиф болып тіркелген. Салмағы 156 келіге жеткен жануарға әзірге қарсылас табылмады.

Ағылшын мастиф тұқымы атақты Александр Македонскийдің соғыстарына қатысқан. Батырлық пен батылдықты бойына сіңірген ит жекпе-жек кезінде нағыз қарсылас та бола алады. 

Арыстандай алып денесі, бөрідей батылдығы болса да, кішкентай жұмсақ жүрегімен адамның нағыз досы бола алады. Ішіне кек сақтап, өшпенділік танытудан ада жануар кішкентай балалардың да тірі қуыршағына тез айналады. 

B. ZHAQSYMBET