Кереметті көргің келсе тауға шық...

Кереметті көргің келсе тауға шық...
жеке
блог

Қазанның 4-5 күндері аралығында Түркістан облысында «Бұл – біздің таулар» тау фестивалі өтті. Аталған іс-шара өзі бастау алған 2000 жылдардан бері алғаш рет «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аумағынан тыс жерде өтіп отыр. Бұл ерекшелік ұйымдастырушылардың облыстағы өзге де өңірлерде тау туризмін дамытуды көздегенін білдірсе керек. Бәйдібек ауданындағы Қаратаудың Қарағай шатқалында, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалы аумағында дүркірей өткен дәстүрлі фестиваль несімен есте қалды?

Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің тау туризмін насихаттау арқылы ішкі туризмді дамыту, туристік мәдениет қалыптастыру. Бұл тұрғыда биылғы іс-шараның негізгі қатысушылары – тау туризмін серік еткен саяхатшылардың қатарына жастар мен студенттердің көптеп қосылуы бірден көзге түсті. Жастардың қатарында шетелдік студенттер де бой көрсетті.

Шараны тамашалауға келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиев фестивальді ашып беріп, ішкі туризмді дамыту туралы ойларымен бөлісті. Скайраннинг жарысына қатысушыларға сәттілік тілеп, старт берді. Жаңа туристік маршруттар таныстырылымына қатысқан Мейіржан Иябайұлы «Осы туризмді мектептерге барып, оқушыларға да насихаттасақ деймін. Облыс бойынша туристік нысандарға дұрыс жүйе құрып, жастарымызға түсіндіруіміз керек. Себебі, қазіргі жастар мобильді. Осындай маршруттарды өзара тез таратады, басқа облыстың жастарына да жылдам жеткізе алады. Осылайша ішкі туризмді насихаттай отырып, сыртқы туристерді де тартуға болады» дей келе, таныстырылған маршруттармен жастарды да жүріп өтуге шақырды.

Фестиваль барысында домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен көше әндері шырқалып, тау пейзажын ашатын фотографтардың фотокөрмесі, жаңа туристік маршруттардың және жаңа туристік компания «OPENKAZAKHSTAN» ЖШС-нің өнімдері, ақпараттық агенттік, мобильді қосымшасының таныстырылымы өтті.

Кәдесыйларға арналған қолөнер бұйымдары көрмесі, өлке және табиғат жанашырлары Т.Бердияров, К.Исмаилов, А.Гончаровтарға арналып мерзімдік басылымдарда жарияланған тақырыптық жанрлар конкурсы мен кітап көрмесі, тау соқпағында жүгіру спорты – скайраннинг бағдарламалары келгендер үшін әсерлі болды. Қатысушыларға марапаттар мен сыйлықтар табысталды. Фотосурет көрмесі бойынша Мақсұт Жаримбетов, Бейбіт Бертаев, Береке Сейітжаппар, Руслан Сембиевтердің еңбектері ерекше аталып өтті.

Жаңа туристік маршрут бойынша «Талдыбұлақ» бағытын жасап таныстырған Ғани Назарбек 1-орын, «Қаржантау» және «Таңбалы тас» бағыттарын таныстырған Сейдалы Дүйсебайұлы 2-орынды, «Дастарбасыны» Түркістаннның туризм бағытына қосқан Қайрат Карибаев 3-ші орынды иеленді.

Ал, шығармашылық байқауда Т.Бердияров атындағы «Поэзия жанры» аталымына ақын Дәурен Айманбетовтың , К.Исмаилов атындағы «Тарихи-рухани нысандар» аталымына «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Мөлдір Кенжебайдың, А.Гончаров атындағы «Табиғи нысандар» аталымына Владимир Приваловтың еңбектері лайық деп табылды. 3,5 шақырымға ұласқан скайраннинг жарысына жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлінген қатысушылар да өзара мықтыларын анықтап, олар да туристік сый-сияпаттан құр қалмады.

Шараның бірінші күні-ақ жастар жағы алау басында көше әндерінен шашу шашып, тау қойнауын шаттыққа толтырған еді. Бұл думан екінші күні де жалғасып, гитара әуені таудың тұнық ауасымен алыстарға жетіп жатты. Қарағай шатқалының тамылжыған көркем табиғаты көпке дейін талайдың көңіл дәптерінде есте қалатыны анық. Оны әлеуметтік желідегі жазбалар мен бөлісіліп жатқан фотосуреттерден байқауға болады. Бұл белсенділік келесі жылы тау тамашасын көруге келетіндердің санын арттыратынына сенгіміз келеді.

Айта кетсек, фестивальдің ұйымдастырылуына Түркістан облыстық туризм басқармасы жанындағы «Turkistan» туристік-ақпараттық орталығы мұрындық болса, «OpenKazakhstan» туристік-ақпараттық порталы және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі әріптестік танытты.