Аптаның үздік блогы: "Жастай" кеткен жігіт

Аптаның үздік блогы: "Жастай" кеткен жігіт
жеке
блог

 Жақында досым үйленді. 20 жасында. Біз бір сыныпта оқитынбыз. Бұл «суыт» хабарды алғаш естігенде әрі-сәрі күйде болғанымды жасырмаймын. «Жастай кеткеніне» біртүрлі сенбей:

  - Шынымен бе? – деп қайталай беріппін.

  - Иә, бауырым, мен үйленетін болдым. Құдай қаласа, 1 аптадан кейін беташар болады. Соған көмектесіңдерші. 

 Мен, әрине қарсы болмадым. Ол кезде жаз болатын. Тамыз айы. Біз, бір топ сыныптастар аттандап жүріп қызды үйге әкелдік. Қыз 18 жасар. Ол да мұндайды бірінші рет басынан өткеріп тұрғандықтан ба, ерекше толқулы. Біз болсақ, беташарда аянбай қызмет жасадық. Келін түсіру қамымен жүгіріп жүргенімізді өзімізше бір ғанибет көретіндейміз. Құдды досымыз емес, біз отбасын құрып жатқандаймыз. Бұған дейін сыныбымыздан ешкім үйленбеп еді. Тіпті, жолдары жіңішке қыздар да кетпеген. Не керек, сыныптастардан ең алғаш ұл бала отау құрды. Енді жолды қашанда ұл бастаған ел емеспіз бе, біз қазақтар! :)

  Сол екі арада бірінші қыркүйек тақап қап, бәрі оқуға жауға шапқандай аттанып кетті. Ал, мен оқуға шықпай, ауылда бір күн қап, сыныптасыма Love Story түсіріп бердім. Әрине, асығыс-үсігіс болғасын, сапасы да аздап нашарлау шықты. Бірақ, ең бастысы, шын жүректен ғой.

Love Story-дан үзінді. Өкінішке орай, толық нұсқасы әлі дайын емес :)  

жүзік Сонымен не  керек, беташардан соң арада 1 ай өткенде, екеуінің үйлену тойлары болды. Той да Түлкібаста өтті. Себебі, Нұрсұлтан (басына құрық түскен сыныптасым) да, Әйгерім де (келіншек) Түлкібаста дүниеге келген. Бірақ, екеуі мектеп бітіргенше бір-бірін көрмеген. Тек, Шымкентке жоғары оқу орнында бір-бірін көрген, ұнатқан. Ары қарай жалын шашқан махаббаттары шыдатпай, екі жарты бір бүтін болуға шешім қабылдады.

  Бір түсінгенім, үйленген соң, махаббатпен үйлену керек екен. Себебі, Нұрсұлтан мен Әйгерім екеуі бір шаңырақта қос аққудай тату-тәтті тұрып жатқан жайы бар. Тіл-көз тасқа.

  Айтпақшы, тақырыптан ауытқып кетіппін ғой. Қысқасы, той өз деңгейінде өтті. Аста-төк дастарқан, қызылды-жасылды фейерверк, шашу, анау-мынау. Тойға қатысты барлық жөн-жоралғылар жасалды ғой деймін. Бір күндік шашылу... Шіркін, тойға шашылғанға не жетсін.

  Бірақ... Арада бірер күн өткен соң, Нұрсұлтанға бардым. Жағдайын сұрауға. Барсам, көңілі жоқ секілді.

  - Не болды? – дедім мен.дос

  - Той ақтамай қалды.

  - Қанша жетпей қалды?

  - Осынша, - деп сомасын айтты: - Шымкенттен келген 10 жолдас жігіттерім жабылып жүріп 5-ақ мың әкеліпті. Сонда әрқайсысы 500 теңгемен келген. Ойланшы, 10 жігіт 5-ақ мың әкелді. Көз алдыңа елестетші, -деп жолдастарына кейістігін білдіріп алды.   

  Сонымен, біз тойға кеткен шығынды есептей жөнелдік. Жалпы, тойға 2 миллион теңгеге жуық қаржы кеткен. Тойға 250 адам шақырылды. Әр орын - 3000 теңге. Сонда 750 000 теңге. Бірақ, той егесі - етті, арақ-шарапты өзі әкелуі керек. Сонымен, той егесі 250 мыңға ет (1 жылқы, 1 қой) , 150 мыңға арақ-шарап алды. Сонда жалпы шығын 1 миллион 150 000 теңге болды. Бұл енді тек дастарқан ғана. Бір саусақты бүктік. Енді екінші саусаққа көшсек. Киім-кешек. Сыныптасым 30 000 мыңға костюм-шалбар алыпты: «Қымбат алғым келмеді. Бекерге шашылу ғой. Не керегі бар. Осы да жетеді». Бірақ, қалыңдығына біразға түсті. 75 000 теңге. Иә, той салондарында қалыңдық көйлегі қымбат болады екен. Арзандары бар. Бірақ, олар сұрғылт тартып кеткен. Ал, қалыңдық үйлену тойында аппақ болып жарқырап жүруі керек емес пе? Періште секілді. Сонымен, қалыңдық 75 000 мыңға көйлек, ары қарай туфли, макияж, шаш, анау-мынау секілді майда-шүйделеріне 115 мыңдай шығарыпты. Бұған сыныптасым күйіп кетті: «Болмайтын нәрсеге жүз мыңнан артық кетті. Не бәле өзі? Не тәлпіштік? Заман қиындап кетіпті ғой. Кішкентай кезімізде жақсы еді. Базардан су тегінге алған бір киімді симай қалғанша, жыртылғанша, жыртылғаны несі, іріп кеткенше киюші едік». Деп базынасын жаңбырша жаудырды. Өзі тойға ескі туфлиін киіп шүкіршілік етті. «Мақтанқұмар емеспін. Дүние пафос болып кетсе де, қарапайымдылығымды сақтауға тырысамын». Сонымен, екеуінің киімдері 150 мың болды. 

дос

Осындай шақырту қағазын алғанда өзімді қарт сезініп кеткенім бар :)  

жүзік Енді той алдында серуендеу. Яғни, «гулянка». О, нағыз шығын осы ғой. Қысқасы, сән-салтанаты келіскен 5 машина жалдадық. Шығын 150 000 теңге. 5 машинаның біреуі 50 000, қалғандары 25 000 теңгеден түсті. Біз көліктерді 3 сағатқа жалдаған-тұғынбыз. Бірақ, 4 сағат серуендедік. Ауыл ғой, енді. Қайтсын, шопыр үнсіз келісті. Біз, жастар, үйден жас жұбайларды ертіп, сағат кешкі 5-тен аса шығып кеттік. Сөйтіп, той басталғанша саябаққа бардық, ескеркіш маңында суретке түстік, тағы біраз ары-бері сенделдік. Бір уақытта жетісіп кеттік қой деймін, кафеге кірдік. Ол жақта 30 мыңның басына су құйдық. Несі бар, сыныптасымыздан аяғанды ит жесін. (бұл ақшаны біз төледік. Той шығынына кірмейді)

  Не керек, кешкі 8-де болады деген тойға 9-да әзер жеттік. Сөйтіп, жас жұбайлар келгесін, той басталып та кетті. Асаба бірдеңе деп мылжыңдап тұрғанда, Әйгерім (қалыңдық) той көйлегін ауыстырып алды. Сөйтсе, той салоны акция деп 2 көйлек беріпті. Біреуін жастар серуендегенде кисе, екіншісін тойда киеді екен. Мұндай да болады екен-ау! Айтпақшы, асаба демекші, асаба тойға ансамбльмен келіпті. 150 000 мыңға тамададан бөлек, ән-би, музыкант, әзіл-шоу, фото-видео, қалыңдық пен күйеу жігіт вальс билеген кезде шашылатын жылтырақ шашу, фейерверк кірді.

инфографика

Және той киіміне 150 000 жұмсалды. Мына кестеге салуды ұмытып кетіппін. "Сүрінбейтін тұяқ жоқ" дегендей :)

Той ортасында ортаға әкелінген 5 қабатты етіп жасалған үлкен аппақ тортқа 50 000 мың кетіпті.  Енді барлық шығынды қоссақ, 1 миллион 650 мың болды. 2 миллионға жетпей қалды. Нені ұмыттық? Ә-ә, жас жұбайлар тағатын сақина. Ол да біраз тұратын шығар. Тойға шақыру билеттері... Мүмкін құдалықты да қосқан шығар бұл сомаға? Әлде бөлек пе? Кім біледі. Қысқасы, мен тағы біраз нәрсені ұмытқан болуым керек. Енді, той дегенді енді көріп тұрған соң, білмейміз ғой.ою

тамада Ерболат

  Ерболат Қайыржан, тамада: Жаз кезінде той көп болады. Сол кезде біраз жұмыс жасап қаламын. Жалпы, той шығыны жайлы айтар болсам былай. Ең бірінші тойхана жалдау керек. Қазір тойханалар адам басына 2500 теңгеден бастап 40 000 теңгеге дейін барады. Ансамбльмен шығатын тамадалар 50 мың теңгеден бастап, 50 мың долларға дейін барады. Әрине, 50 мың доллар болғанда, оған ҚР атақты жұлдызар келеді. Қайрат Нұртас, Айқын Төлепберген секілді. Торт бағасы 25 мыңнан бастап 3 мың долларға дейін жетеді. Бір байқағаным, соңғы жылдары қазақтар той жасауды жарысқа айналдырып алған. Қазақстанды қойып, шет елден әншілер шақыртады. Бір бай-манап жасаған той шығынына кішігірім ауылды бір апта асырауға болады. Олар тойда есепсіз шашылады. Әсіресе, үйлену тойларында. Тойды өзгелерге өзінің қаншалықты бай екендігін, абыройлы екендігін көрсету үшін жасайтындай. Бір тойда, шашуға кәмпит емес, ақша шашқандар да кездесті. Сөзіме тұздық, интернетте жүр, батыс жақта болған бір тойда тойхана ішіне лимузинмен кіріп келген жас жұбайлар болды. Тәубесін ұмытқан емей немене. Мұндай мысалдарды айта берсем көп.     

Жумабек

Жұмабек Смамут, музыкант, беташарда бет ашушы: Науқан кезінде әр түрлі тапсырыстар түсіп жатады. Мен көбінесе беташарға шығамын. Бәріңізге белгілі, бет ашарда келін сәлем салғанда қонақтар шыны ыдысқа, қорапқа ақша тастайды. Еңбекақымды үш түрлі жолмен аламын. Ең бірінішісі, әрине, ыдысқа түскен барлық ақша. Бірақ, соңғы жылдары үй иелері 50 де 50 деген есеппен төлейтін болды. Себебі, ыдысқа көп ақша түскенде үй иелері «бәрін беремін» деген ойларынан айнып қалады. Ал, енді үшіншісі белгілі бір сомаға келісу. Ол әрқалай. 5 мыңнан бастап кете береді. Әрине, әл-ауқатына байланысты ғой.жүзік

Беташар алдында

Қызды үйінен алып шыққанда жазғы кафеде думандаттық

ою Бірақ, бір тойда біраз нәрсені біліп қалдық. Әйтеуір, бәріміз мәзбіз. Тұңғыш рет тойға арнайы шақыру қағаз алып, өзімізді үлкен кісілердей сезіндік. Сыныптасымызға іштей алғыс жаудырдық. Үйлену үшін біраз қаражатың болуы керек екен ғой деп өмірге басқаша қарай бастадық. Әйтпесе, бұрын бір-бірімізді сүйсек болды, үйлене салам деп шала ойлайтын едік. Шындығына келсек, үйлену деген шығыннан бөлек, қаншама адамды абыр-сабыр етіп жүгіртеді, жүйкелерін жұқартады. Адамды шаршатып жібереді екен. Бәрі жақсылыққа. Шаршағанда, өміріңде бір рет шашылғанда тұрғанда не бар. Тек, жас жұбайлар бақытты болып кетсе болғаны. Ата-ана үшін одан артық бақыт жоқ шығар. Үбірлі-шүбірлі болып, ата-аналарын қуантып жатса бір ғанибет емес пе? Тек, сонша улап-шулап жасалған тойдан соң, көп ұзамай ажырасып кетуден Құдай сақтасын!

дос

Ес білгенімнен бері бірге өскен досым

Досым осылай үйленіп кетті. Біртүрлі қимайтындаймын. Кішкентай кезімізден бірге өсіп едік. Бір мектепте, бір партада отырдық. Талай жайтты бастан бірге кештік. Сағыныш... Енді бәрі өткен шақ. Досым, тек бақытты бол!

жүзік

ғашықтар

Кешегі қос ғашық бүгінгі жас жұбайлар  

Той деген тек жазда болмайды. Жыл бойы жалғаса береді. Осылай жалғасқан бір той сізді де тапсын, үйіңізді шаттыққа бөлесін, құрметті оқырман!