"Алаш айнасы" газетінің қызметкері бір адамды ажалдан сақтап қалды

"Алаш айнасы" газетінің қызметкері бір адамды ажалдан сақтап қалды

"Алаш айнасы" газетінің қызметкері бір адамның өмірін сақтап қалды. Эльмира Телтаева көшеде асылып қалған жігітті бағаннан түсіртіп алып, жасанды дем салып, қайта тірілтті. 

35 жастағы азамат өз-өзіне қол жұмсап, кешқұрым Алматы қаласы, «Думан» ықшамауданындағы бір дуал бағанасында асылып қалады. Адамдар мен көліктердің кептелісін байқаған Эльмира Телтаева көлігінен түсіп, оқиға орнына келсе, жұрт асылып тұрған кісіні көріп жиналған екен. Сөмкесінің бауына асылған адамды көпшілік, әсіресе, оның туыстары да әлдеқашан өлдіге санаған. Бірақ медициналық білімі бар Эльмира мұндай кезде адамды ажалдан құтқаруға болатынына кәміл сеніп, дереу қолдан жедел жәрдем беруге кіріседі.

«Қолдарын ысқылап, бетіне су шаштым. Бірер минуттан соң ол терең дем алып, қимылдай бастады. Сондағы қуанышымда шек болмады», дейді Эльмира. Шақырылған жедел жәрдем қызметі бөгелгендіктен, өздерін әлгі жігіттің ағасымыз деп таныстырған екі адам оны көлігіне салып, ауруханаға жөнелтті.

Аман қалған азамат - 1977 жылы туылған Нұрбақыт Талдыбаев. Дәрігерлердің айтуынша, оның денсаулығы қалыпты, 3-4 күннен соң ауруханадан үйіне жіберіледі. Бұдан бұрын аталған газеттің көлік жүргізушісі Баубек Есімбеков суға кетіп бара жатқан баланы ажалдан аман алып қалған болатын.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: tomsk.kp.ru және Эльмира Телтаеваның жеке архивінен

М. Оңғарова