Ақ өзендегі қала

Ақ өзендегі қала

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан жеріндегі ең ірі қала - Испиджаб болған.

Испиджаб жазба деректерде VII ғасырдан –ақ белгілі. Сюань Цзяньннің жол көрсеткішінде аталған қаланы «Ақ өзендегі қала» деп атаған. Испиджабтың бұлай аталуы – кейінірек Махмұд Қашқаридің XI ғасырда келтірген мағұлматтарының арқасында айқын болды. Ол: «Сайрам – Испиджаб деп аталатын ақ қаланың (Аль-Мединат әл-Байда) атауы. Оны кейде Сайрам деп те атайды»,-деп жазған екен.

«Испиджаб» атауы соғды тілінде «Ақ су» дегенді білдіреді дейтіндер де бар. Бұл пікір «Ақ өзендегі қала» - «Испиджаб» - «Сайрам» дегендердің бір қала екендігінің қосымша дәлелі бола алады.

Ерте Орта ғасырлар дәуірінде, яғни X – XIII ғасырларда Испиджаб Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалаға айналған. Испиджабтың билігі жүрген аймаққа Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран және Жаңакент қалалары, Қаратаудың солтүстік баурайында орналасқан Берукет қаласы, Жетісудың Тараз, Құлан, Мерке, Суяб қалалары енген.

X ғасырда өмір сүрген географ Ибн Хаукаль: «Испиджаб шамамен Бинкеттің үштен біріндей (біріне тең) қала. Ол мединадан, цитательден және рабадтан тұрады. Цитадельі қираған, ал мединасы мен рабадында халық тұрады. Қала бақтары мен су рабадта орын тепкен. Құрылыстары саз балшықтан салынған. Ол жазық жерде жатыр және оған ең жақын қаланың арасы үш фарсах шамасында. Мединасының төрт қақпасы бар, олар Нүжкент қақпасы, Фархан қапасы, Шақуан қақпасы және Бұқара қақпасы. Базарлары мединеде, басқару үйі рабадта, түрме мен мешіт мединеде. Бұл адамы қаптған кең қала, бүкіл Хорасан мен Мәуеренахрда Испиджабтан басқа харад төлемейтін бірде-бір қала жоқ», - деп жазған.

Испиджаб аса ірі әкімшілік орталығы ғана емес, халықаралық сауда орталығы ретінде де белгілі болды. Қалада көптеген сауда құрылыстары, керуен-сарайлары мен «тимдер» жұмыс істеген. Керуен-сарайларды Нахшеб, Бұқара, Самарқанд көпестері иемденген. Халықаралық сауда Орта Азия және Шығыс қалалары шығарған теңгелер және XI – XII ғасырларда Испиджабтың өзінде соғылған шақалар арқылы жүргізілді. Испиджабтан сыртқа ақ маталар, семсерлер, қару-жарақ, мыс пен темір шығарылды. Қала бүкіл шығысқа құл саудасымен белгілі болды. Испиджабтың төңірегінде көптеген қалалар мен елді мекендер ораналасқан. Бұл туралы X ғасырда әл-Истахари: «...оның құрылыстары балшықтан тұрғызылған, базарлары жеміске толы, астық шағымы мол және пайдалы затар өте көп»,-деп жазды.

Қалада қолөнер жоғары дәрежеде дамыды. IX-X ғасырларда Испиджаб пен Қазақстанның Оңтүстігіндегі басқа да қалаларының көзешілері қорытпа керамикалық бұйымдар жасауды меңгерді. Шыны өндірісі, ұсталық, емшілік кәсіп, зергерлік бұйымдар шығару өріс алды. Қала ірі егіншілік шұраттың орталығы болды, оның тұрғындары егін егіп, қысқа көкөніс, жеміс-жидек дайындап, мүйізді ірі-қара өсірді, қой ұстады.

Испиджаб XIII ғасырдың басында моңғол шапқыншылығы басталып, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия және Орталық Азияның олармен көршілес аймақтары мәдениетінің даму барысын тежеген кезеңге дейін өркендей берді.

Сайрам тұрмысының XIV-XVII ғасырлардағы кезеңінен мағұлмат беретін жазба деректер мардымсыз. Дегенмен кейінгі орта ғасырларда Сайрамның Орта Азиядан солтүстікке, Орталық Қазақстан көшпелілеріне, Шығысқа, Моғолстанға апартын жол айрығында тұруының өзі қалалық және отырықшылық өмір салтын ұстанған бұл ауданның маңызын көтере түсті. Сайрам сауда жолдары ғана емес, сонымен қатар оңтүстікке, Орта Азия иеліктері мен қазақ даласына өтетін бағыттарды өз бақылауына алған негізгі стратегиялық орталық болды

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Telegram парақшамызға жазылыңыз!