Үйден жаттығыңыз!

Үйден жаттығыңыз!

Арнайы жаттығу залдарына баруға әркімнің мүмкіндігі, уақыты бола бермейтіні анық. Үйде өз денеңізді шынықтырып тұру үшін бірнеше құралдың өзі жеткілікті.   

Іш тығыршығы, аяқ пен қол бұлшықеттерін фитбол деп аталатын үлкен шар арқылы нығайтуға болады. Бұл гимнастикалық доп жаттығуды ойын түрінде өткізуге мүмкіндік береді. Фитбол ірі бұлшықеттерді тартып, ұсақ және терең бұлшықеттердің тонусын сақтайды. Онымен пресс жаттықтыру, белгілі бір бұлшықеттерді шынықтыру өте ыңғайлы. Және нәтижесі де көп күттірмейді. Фитболда жасалған жаттығулар омыртқаны жақсы босаңсытады. Және толығымен қауіпсіз.     

Бұл құрылғыны тәжірибелі спортшы да, жаңа бастап келе жатқан әуесқой адам да қолдана алады. Әр топқа бөлек жаттығулар кешені құрастырылған.             

Қол пішінін жақсартып, денедегі артық майды кетіріп, бөксені шынықтыру үшін гантель өте жақсы көмектеседі. Бұл - үй жағдайындағы ең үздік жаттығу құралы. Олар шағын ғана, сондықтан үйде көп орын алмайды. Гантель арқылы жасауға болатын сан түрлі жаттығулар дененің кез келген бөлігіндегі бұлшықетті жаттықтырып, шымыр ұстайды. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аптасына 2-3 рет 30-40 минуттан жаттыққан жеткілікті.       

Гантель таңдағанда, белгіленген салмақты түрін алмаған дұрыс. Жиылмалы, не 1-ден 10 келіге дейінгі және одан да жоғары салмақтысына назар аударған жөн. Резеңкеленген гантель ұстауға өте ыңғайлы және қауіпсіз.

Үнемшіл әуесқойларға гантельді ішіне су немесе құм құйылған пластмасса бөтелкемен алмастыруға болады. Сыйымдылығына қарай, оның салмағын көбейтіп, жаңа бөтелкемен ауыстырып отыру тиімді.       

Аяқ пен жамбас бітімін түзеу үшін велоқұрылғы таптырмас құрал. Қазір оның түрлері сатылымда көп. Сондықтан кең үйге де, кішкентай пәтерге де ыңғайлысын табу оңай. Аяқ пен жамбасқа әсерінен өзге велоқұрылғы адамның қыпша белді, төзімді, шымыр болуына септігін тигізеді.     

Бұл құрылғыда аптасына 4-5 рет 30-40 минуттан жаттыққан адам нәтижесіне көз жеткізеді. Және де, жаттығу ұзақтығы мен педальды айналдыру жылдамдығын өзгертіп отыру өте маңызды. Тез арықтау үшін жүру қашықтығын «ессіз» көбейте берудің қажеті жоқ. Ағзаның жауапты реакциясы үшін күніне 15 шақырым «жүріп» өту жеткілікті.      

Қыпша белді болу үшін дискі ыңғайлы. Бұл өте қарапайым, бірақ тиімді құрылғы. Күніне 3-5 минут бірнеше рет жаттыққанның өзінде, салмақ тастап, омыртқа иілгіштігін арттырып, аяқ пен қол бұлшықетін дамытып, сұлу мүсінге қол жеткізуге болады. Дене иілгіштігімен қатар, денсаулық дискісі вестибулярлы аппарат жұмысын жақсартады. Бұл өте ыңғайлы кішкентай құрылғы болғандықтан, оны жұмысқа да алып барып, үзіліс кезінде шынығып тұруға болады.      

   

Дененің кей бөлігіндегі артық салмақтан құтылуға айналдырмалы шеңбер көмектеседі. Дегенмен, бәрімізге балалық шағымыздан ойын құралы ретінде жақсы таныс атақты шеңбердің пайдасы мұнымен шектелмейді. Күніне 15-20 минут шеңберді беліңізде айналдыра отырып, өте жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады: калорий жою, бұлшықетті шымыр ұстау, белді арықтатып, целлюлит пайда болуын тежеу, бел мен бөксе терісін жақсартып, иілгіштік пен ырғақтық сезімін дамыту.        

Қолдану мақсатыңызға қарай шеңбердің қолайлысын таңдаңыз:  

- ағза шымырлығын сақтау үшін – іші қуыс және салыстырмалы түрде жеңіл темір шеңбер;

- белді жіңішкертіп, артық салмақтан арылу үшін –салмағы 0,5-тен 2 келіге дейінгі ауырлатылған шеңбер;

- целлюлитпен күрес үшін – айналдыру кезінде уқалаушы әсері бар шеңбер.   

Бар-жоғы 5 спорттық жаттығу құрылғысымен үй жағдайында дене бітіміңізді өзгерте аласыз. Бастысы - ерінбеу керек, сонда бір-екі айдың ішінде айнадан сұлу мүсініңізді көре аласыз.       

Сурет: galya.ru, тренажеры24.рф, zauglom.ru, tdbasis.ru, fitnessdoctor.ru