Шәй ішудің қағидалары

Шәй ішудің қағидалары

Бүгінге дейін күнделікті тұрмыста айнымас серігімізге айналған шәй сусыны туралы біршама әңгіме қозғап үлгердік. Шәй ұсынуды, шәйдің дәмін кіргізу жолдарын үйреніп, енді бір жолы шәйдің түрлерін анықтауды қарастырсақ, тіпті атақты шәй ішу рәсіміне дейін әңгіме өрбіттік. Бірақ шәйдің жыры таусылмайтын көрінеді. Бүгін шәй ішу ережелері мен тыйымдары туралы айтпақпыз.

1. Шәйді аш қарынға ішпеңіз. Аш қарынға іше қалған жағдайда, шәйдің суық табиғаты асқазан мен көк бауырды салқындатып жіберуі мүмкін. Қысқасы, қасқырдың үйге кіріп кеткенімен пара-пар жағдай. Қытай елінде "бос жүрекке шәй ішпеу керек" деген сөз тіркесі бар екен.

2. Тым ыстық шәйді ауызға алмаңыз. Ыстық шәй тамақ пен өңешті, асқазанды қатты тітіркендіреді. Мұндай шәйді ішуді әдетке айналдырсаңыз, аталған ағзалар қатерлі сырқаттарға шалдығуы әбден мүмкін. Шәйдің температурасы 56 градустан аспауы керек.

3. Суық шәйдің де зияны шаш-етектен. Жылы және ыстық шәй сергектік сыйлап, зердеңізді жүйелі етіп, көру қабілетін жақсартса, суық шәй керісінше әсер етеді.

4. Мамандар өте қатты қою шәйді ішпеуге кеңес береді. Қою шәйдің құрамындағы танин мен кофеиннің жоғары мөлшері бас аурулары мен ұйқысыздықтың себпкері болуы ғажап емес.

5. Шәйді ұзақ уақыт қайнатып, демдемеңіз. Шамадан тыс демелген жағдайда шәй полифенолы мен эфир майы қышқылданып, нәтижесінде түсі өзгереді, сапасы мен хош иісінен айырылады.

6. Бір демделген шәйді бірнеше рет пайдаланудан аулақ болыңыз. Әдетте, үшінші-төртінші демделген шәй бар құнарынан айырылып қалады. Дер кезінде тосқауыл қоймасаңыз, зиянды қалдықтарды шығарып, денсаулығыңызға кері әсерін тигізесіз.

7. Шәйді тағаммен қосып ішпеңіз. Тамақ алдында ішілген шәй сілекейді сұйылуына әкеліп соқтырады да, тағам дәмсізденіп кетеді. Одан басқа асқорыту органдарындағы протеиннің мөлшері төмендеп кетуі әбден мүмкін. Шәйді тағамнан 20-30 минут бұрын ішкен дұрыс.

8. Шәйді тамақтан кейін бірден ішуге тыйым салынады. Жалпы, бұл қағида кез келген сұйықтыққа байланысты. Ағзаңызға дұрыс жұмыс істеуге мұрсат беріңіз. Тамақ пен шәйдің арасында кемінде 20 минут үзіліс болуы керек.

9. Дәріні шәймен бірге ішпеңіз. Шәйдің құрамындағы тері илегіш заттар танин түзеді де, соның әсерінен дәрілер дұрыс әсер етпей қалады. Қытайлықтар, шәй дәріні өлтіреді деп бекер айтпаған.

10. Кешеден қалған шәйді төгіп тастаңыз. Бір күн тұрып қалған шәй дәрумендерін жоғалтып қана қоймай, бактериялардың енуіне жол ашады. Дегенмен, оның да пайдалы тұстары жоқ емес. Тұрып қалған шәйдің құрамында фтор қышқылдары мол болатындықтан, ол қан тамырлардан аққан қанды тоқтата алады. Онымен тамақты шайып, көзді сүртуге болады. Тамақтан кейін ауызды шаю тісті тазартып, нығайтады.

Суреттер:waysofthesoul.wordpress.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Massaget