Қол терісі – жас көрсеткіші

Қол терісі – жас көрсеткіші

Күнделікті өмірде әдемі көріну үшін әйел баласы қаншама амал жасайды. Бетімізге макияж жағып сәнденеміз. Дене бітіміміздің кемшіліктерін әдемі киім көмегімен жасырамыз. Тек қолымыз күтімсіз қалады. Ал қол терісі - нағыз жасымыздың көрсеткіші. Ол қыста ерекше күтімді қажет етеді.

Әйелдердің нәзік қолдары күйеуін құшаққа алады, баласын жұбатады, киім тігеді, тамақ пісіреді, кір жуады... Қол терісі – өте жұқа болып келеді. Дененің басқа жерлеріне қарағанда, қолда май қабықшасы мүлдем жоқ, май бездері тапшылық. Терінің табиғи қорғанысын қамтамасыз ететін гидролипидты қабат қол терісінде өте жұқа. Бет терісімен салыстырғанда, қол терісі  4-5 есе құрғақ. Қолдарымыздың жиі құрғап жататыны сондықтан. Ал 45-50 жастан кейін қорғаныс май қабатының жұмысы нашарлайды, тері жұқара бастайды. Қыста қол терісі қосымша күтімді, ылғалдандыру мен қоректенуді қажет етеді. Суық жел мен аяздың нәзік теріге келтіретін зақымдары – құрғақтық, терінің қызаруы, қатпарлануы. Сол себепті, оған  дәрумендер мен антиоксиданттардан тұратын қорек керек. Әрине, негізінде олар қанмен берілуі тиіс. Алайда, әдетте ағзамызда пайдалы заттар тапшылық етеді. Сондықтан, ауа райының жаман әсерін өткеру үшін салонда және үйде істелінетін дауаларды бірге алып жүрген жөн.

Салондағы күтім

  • Спа-маникюр. Спа-маникюр көптеген дауалардың жиынтығы: аромотерапия, табиғи қоректендіргіш қоспалар және т.б. Бұл қоспалар құрамына теріні қоректендіріп, ылғалдандыратын Е дәрумені, вера алоэсы, күнбағыс, жожоба және жүзім сүйегінің майлары, пептидты қосылыстар кіреді. Спа-маникюрдың басты кезеңдері – тазалау мен қоректену. Теріге  ерекше ылғалдандыратын скраб жағып, бірнеше минут қолыңызды уқалайды. Скраб құрамында болған абразивті қосылыс – эксфолиан қолыңызды жұмсақ тазартып, эпидермистің құрғақ бөліктерін түсіреді. Енді интенсивті ылғалдандырудың кезегі келеді. Бұл жерде қоректендіру маскалары өте пайдалы. Оны қолыңызға жағып, 3-5 минутқа жылы орамалға орап қояды. Температура әсерінен пайдалы қоспалар терінің терең қабаттарына сіңіп, оны интенсивті түрде микроэлементтермен қоректендіреді. Масканы жылы сумен алып тастайды. Қолыңызды қоректендіргіш лосьон немесе крем көмегімен уқалап, қосымша күтімге қол жеткізесіз.

  • Парафинотерапия. Ерітілген парафинді теріге жалатқанда терінің температурасы 1-1,5°С-ға көтеріледі. Осы кезде терінің беткі қабаты жібіп, жасушааралық кеңістік ұлғаяды. Нәтижесінде, тері ылғалды жақсырақ қабылдай алады. Парафин көмегімен терінің өзінің табиғи ылғалдығы сақталады. Ал парафин суығанда көлемі кеміп, теріге жағылған жерлер  тығыздалады. Бұл ісіктер мен әжімдерді кетіруге көмектеседі. Нәтижесінде -  тері бір сәтте жұмсақ болады.
  • «Ыстық» маникюр. Жай маникюрден бірден-бір айырашылығы – қолдарыңызды алдын ала ерекше ыстық лосьонға батырады. Бұл дауа тырнақтары сынғыш келген, қолдары ерекше құрғақ жандарға өте пайдалы болмақ. Қолдарыңыз арнайы электр ыдысына құйылған лосьонға салынады. Крем тәріздес қою лосьон 50-55°С температурасына дейін қыздырылады. Қыздырылған  лосьон қан айналымын тездетіп, терінің ұлпаларын кеңейтеді. Соның арқасында қоректік заттардың сіңуі тездетіледі.  Лосьон құрамында кокос,  зәйтүн және шабдалы майлары, А және Е дәрумендері, және тағы да басқа пайдалы қоспалар бар. Нәтижесінде қолыңызға 2-3 апта бойы уайымдамасаңыз болады.

 

Қол терісін күту ережелері

  1. Қолдарыңызды шайғаннан кейін міндетті түрде сүртуді ұмытпаңыз! Суық далаға дымқыл қолмен шығуға болмайды.
  2. Күніне бірнеше рет қолыңызды ылғалдандыратын креммен жағып отырыңыз. Суық   мезгілде қол терісі тез құрғап отырады. Крем  еш уақытта артық болмайды. Ол эпидермисте ылғалды сақтап қалады.
  3. Далаға шығуға бір сағат бұрын қолыңызды креммен жағуға ұмытпаңыз. Осы уақытта крем теріңізге сіңіп, пайдасы көп болмақ.
  4. Қыста маникюрге ерекше көңіл бөліңіз, тырнақ қасындағы теріні күтіп, оны ылғалдандыруды ұмытпаңыз.
  5. Кептіргіш аппараттарын қолданудан бас тартыңыз. Қолыңызды қағаз майлыққа сүртіп, артық қалған ылғалға теріңізге сіңуге жол беріңіз.
  6. Ыдыс жуатын сұйықтық, кір жуу ұнтағын қолғапсыз қолданбаңыз.
  7. Қолыңызды тек бөлме температурасындағы сумен жуыңыз, тым ыстық су теріні кептіріп, құрғатады.

Үй күтімі

Күнделікті күтімді көрмеген қолға салондағы дауалардың пайдасы аса тимейді.  Қыс мезгілінде үй күтімі қолдың тересіне ауадай қажет.  Үй күтімі – ұйқы алдындағы жағылған крем ғана емес.

  • Үйде кейбір салон дауаларын қайталаса болады.  Керекті микроэлементтер мен дәрумендерді теріге үйде-ақ берсе болады. Үйде эфир және өсімдік май негізінде жібіту процедураларын істеу керек. Олардың құрамындағы амин қышқылдары теріні қоректендіріп, жұмсартады.
  • Жожоба майы құрамында амин қышқылдары мен протеиндер, В12 дәрумені бар. Олар теріні қалпына келтірумен ерекшеленеді. Шабдалы майы терінің қатпарлануына жол бермей, терінің түсін бір қалыпты, тегіс қылады. Жұқа теріге өте пайдалы. Ши майы ісіктер мен жараларды тез емдеп, теріңізді қалпына келтіреді.
  • Пилинг. Ұсақталған кофені өсімдік майымен қосып, араластырыңыз. Қолыңызды уқалап отырып жағыңыз. Соңында қолыңызды дымқыл майлықпен сүртіңіз.
  • Орау. Пилингтен  кейін қолыңызға өсімдік майын жағып, целофан пакетімен, үстінен жылы орамалмен  орап қойыңыз. 5-7 минуттан кейін уқалап, майлықпен қолыңызды сүртіп алыңыз.
  • Дұрыс таңдалған крем. Қолыңызға бетке арналған крем жақпаңыз, себебі, қол терісінің өзіндік ерекшеліктері бар, ол жұқарақ, май бездері аз. Қолға арнайы, майлы крем жаққаныңыз дұрыс.
С. А